Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Еңбегімен елге сыйлы болған жан

29 Сәуір 2025, 23:18
628
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің кіші қызметкері Қалимаш Сарыбаева – қарапайым жұмысшы. Адал еңбегімен ел көңілінен шыққан Қалимаш апаймен BAQ.KZ тілшісі де жүздесіп қайтты.

2025 жыл – елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы болып белгіленді. Бұл – тек бір жылға арналған науқан емес, бұл – қоғамдағы ең үлкен және шынайы құндылықтың бірі – адал еңбектің қадірін арттыру, еңбек адамының абыройын биіктету жолындағы маңызды қадам. Бүгінгі күні технология дамығанымен, қарапайым жұмысшының қолымен атқарылатын қызметтерге деген қажеттілік азайған жоқ. Керісінше, заманауи қоғамда құрылысшы, дәнекерлеуші, механик, электрик, шаштараз, жүргізуші, бағбан, аспаз сынды сан түрлі жұмысшы мамандықтарының рөлі айқын әрі өзекті бола түсуде. Мемлекет осындай мамандық иелерінің беделін көтеріп, олардың еңбегіне лайықты баға беруі – әділетті шешім. Мемлекет басшысы өзінің үндеулерінде бірнеше рет: «Қоғамда адал еңбек, кәсіби шеберлік пен білім басты құндылық болуға тиіс» деп атап өткен болатын. Бұл – еңбекті тек материалдық табыс көзі емес, рухани биіктік деп танудың үлгісі. Жұмысшы мамандықтары – ел тірегі, мемлекеттің қозғаушы күші. Жер қазғаннан бастап көк тіреген ғимарат салуға дейінгі аралықта әр істің артында нақты бір еңбек адамы тұрады. Бұл жыл – сол жандарға алғыс айту, олардың үлесін бағалау жылы.

Күн сайын елең етпей өтетін, кейде мән бермей қалатын, алайда өміріміздің бір бөлшегі болып кеткен қызметтер бар. Таза көшеде жүру, жылы мектепте оқу, жарық үйде отыру, құрылымы мығым көпірден өту – бәрі де нақты бір жұмысшының маңдай терімен орындалып отыр. Осы мамандықтардың иесі – өміріміздің, өркениетіміздің тынысын сақтап тұрған шын тірек.Осындай еңбегімен елге, қарапайым мінезімен көпке үлгі болған жандардың бірі – Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Т.Тоқтаров атындағы орта мектептің кіші қызметкері Қалимаш Сарыбаева.

Ол кісінің қарапайым еңбек жолында қаншама маңдай тер, адал ниет, үлкен жауапкершілік пен тиянақтылық жатыр. Қалимаш апай бұл мектепке алғаш келген күннен бастап тазалық пен тәртіпке ерекше мән беріп, өзіне жүктелген істі тиянақты атқарумен көпшіліктің құрметіне бөленіп келеді. Таңғы сағат жетіде мектепке бірінші болып келетін де – осы кісі. Үлкен мен кішіге бірдей сыпайы, бетіңе жылы қарап сөйлейтін ол мектептің көркін кіргізіп, жылуын арттырып жүрген жандардың бірі. Ол жүріп өткен жол тап-таза болса, мектеп ішіндегі тыныштық пен реттілікте де оның қолтаңбасы бар екенін байқайсыз. Қалимаш апайдың айтуынша, жұмысы оңай емес. Бірақ ол өз ісіне адал:

Күн сайын жүздеген бала кіріп-шығатын мектептің ішін таза ұстау – тек еден жуу емес, үлкен жауапкершілік. Бір жер сәл кір болса, ертеңгі күні ол туралы біреу емес, бәрі айтады. Бірақ мен ренжімеймін. Өз жұмысымды бұлдап жүргенді ұнатпаймын. Жұмысым – менің таңдаған жолым. Менің міндетім – балалардың, мұғалімдердің таза ортада болуы. Қанша шаршасам да, адал тер төккен күніме ризамын, – дейді қарапайым маман иесі.

Оның сөзінде реніш жоқ, керісінше – қарапайым, терең мағына бар. Бұл – жүрегі таза адамның сөзі. Адам өз ісін осылай жақсы көріп, адал атқарғанда ғана ел құрметіне бөленеді. Жай ғана міндет емес, адамшылық парыз ретінде қарау – Қалимаш апайдың ерекшелігі осында. Ол жұмыстың тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да ауыр екенін жасырмайды. Кейде баланың еркелігімен келген кесірі, кейде көптің көңілінен шығуға деген ұмтылыс – барлығы бойда қажу тудыратыны рас. Бірақ Қалимаш апай оған да төзімділікпен қарайды. «Кейде бір бала сабақтан кейін партаны сүртіп кеткенімде: “Апа, рахмет, бәрі тап-таза екен” дейді. Сол бір ауыз сөздің өзі маған бір күнгі шаршауды ұмыттырып жібереді», – деп күлімсірейді.

Оның мамандығы – нағыз төзімділік пен табандылықты талап ететін сала. Әсіресе, білім ордасындағы қызмет – үлкен жауапкершілікпен өлшенеді. Себебі, мұнда білім іздеген жас ұрпақтың жолы басталады. Мектептің іші таза, алаңқайы мұнтаздай болса – оқушының да, мұғалімнің де көңілі көтеріңкі болары сөзсіз. Бұл тұрғыда Қалимаш апайдың еңбегі – үнсіз, бірақ өте салмақты үлес. Осы еңбегіне орай мектеп ұжымы Қалимаш Сарыбаеваны үнемі ерекше ілтипатпен айтып отырады. Әр мереке сайын оны құрметтеп, алғыс білдіруді ұмыт қалдырмайды. Тек мереке үстінде ғана емес, күнделікті қызмет барысында да ұжым оның адал еңбегін жоғары бағалап келеді. Бұл – нағыз ұжымдық мәдениеттің, адами қадір-қасиетті бағалаудың көрінісі. Қалимаш апайдың өзі де бұл қызметке тағдыр сыйы деп қарайды. Ол үшін таза жүрекпен атқарылған жұмыс – үлкен мәртебе. «Бір істі қолға алған екенсің, соны шын ниетпен істеу керек» дейді өзі. Расында да, Қалимаш апайдың ісіне қарап, сөзінің де, ойының да шынайы екенін сезінесің.

Жылдар өтсе де, адал еңбек ешқашан ескірмейді. Керісінше, уақыт өткен сайын қадірі арта түседі. Қалимаш апайдың осы күнге дейін атқарған қызметі – жастарға үлгі, қоғамға өнеге. Бүгінде осындай қарапайым, бірақ жүрегі кең, жауапкершілігі зор жандардың арқасында қаншама еңбек орнының, білім ордасының, мекеме мен ұйымның іші жайнап, тіршілігі оңалып тұр.

Бұл жыл мен үшін де ерекше. Көп жағдайда біздің еңбегіміз тасада қалатын. Ал биыл елдің назар аударуы, телеарнадан да, газеттен де еңбек адамын насихаттау – көңілге медеу. Мүмкін жастардың арасында да осы бастамадан соң жұмысшы болудан ұялмайтын, қайта мақтан ететіндер көбейер. Менің ойымша, «Қара жұмыс», «қолмен істейтін еңбек» деген ескі ұғымдар артта қалуы керек. Бұл тек дене еңбегі емес, бұл – ақыл мен тәртіптің, төзім мен кәсібиліктің жемісі. Жұмысшы мамандықтарын ұлықтау арқылы біз қоғамға еңбектің қадірін қайтара аламыз. Бұл – ұрпақ тәрбиесіне де әсер ететін маңызды тақырып. Осы жылды кеңінен насихаттау арқылы біз қоғамда, жастар арасында тек кеңседе отырып жұмыс істеуді емес, қоғамға пайдалы, өнімді еңбек етуді армандауды үйретеміз. Өндіріс орындарында, құрылыс алаңдарында, ауыл шаруашылығында, сервистік қызмет салаларында еңбек ететіндердің бәрі – ел дамуының нақты тірегі. Бұл жылы дәл осы ұғым санаға сіңуі тиіс, – деп ойлаймын.

Оның жоғарыдағы сөздері – ел ішіндегі мыңдаған еңбек адамдарының үні. Олар аз сөйлейді, бірақ көп іс тындырады. Үнсіз қызмет етеді, бірақ үлкен жауапкершілік арқалайды. Қоғамның тынысын қамтамасыз етіп отырған, тірліктің көзге көрінбейтін тұстарын реттеп жүрген осындай жандарға құрмет көрсету – уақыт талабы. Бүгінде Қалимаш апайдың өзі ғана емес, оның ұрпақтары да еңбекқор. Балалары мен немерелеріне әрдайым: «Адам болған соң, алдымен адал бол. Еңбегің адал болса, өмірің де жарық болады» деп отырады екен. Бұл – өмірдің шын формуласы. Осы ұстанған адам қағидасы үшін бүгінгі кейіпкерді ауыл тұрғындары да әріптестері де үнемі мақтап, еңбек адамы жайында жақсы пікір айтудан еш жалыққан емес.

Қай қоғамда да таза еңбек – таза ниетпен келеді. Қалимаш Сарыбаева – сол адал еңбектің, қарапайым жүректің айнасы. Оны мектеп ұжымы ғана емес, барша ауыл құрметтейді. Біз әріптесіміздің бойындағы қарапайымдылық пен еңбекке деген адал көзқарасын да биік бағалаймыз. Оның әрбір ісі – үнсіз тәрбиенің, өнегелі үлгінің бір парасы, – дейді Гүлсара Оңалова.

Жұмысшы мамандықтар жылы – еліміздің даму жолында үнсіз еңбек етіп жүрген қарапайым жандарға деген құрмет. Бұл – адалдық пен еңбекқорлықты дәріптеудің, жастарға дұрыс бағдар берудің жылы. Еліміз алға жылжыған сайын нағыз еңбек иелерінің қадірі арта бермек. Бастысы – қоғам еңбек адамына тек шынайы құрметпен қарап, болашақ ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге жұмыла білуі қажет. Ал бүгінгі кейіпкер соның айқын айғағы болып, өскелең ұрпаққа үлгі болмақ.

Өзгелердің жаңалығы