Ең төменгі жалақы: 2023 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтеді?

19 Желтоқсан 2022, 13:00
1752
Бөлісу:
Ең төменгі жалақы:  2023 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтеді?

Президент сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін іс-қимыл жоспарын бекітті. Оның бір тармағы - ең төмен жалақыны экономикалық және инфляцияық көрсеткіштерге  негіздеу, деп жазады BAQ.KZ.

Бұл неге маңызды? Әлемдік тәжірибе қандай?

Әлемдік практикада ең төменгі жалақы қызметкерлердің неғұрлым осал және жалақысы төмен санаттарын қорғаудың маңызды құралы. Халықаралық еңбек ұйымының анықтамасына сәйкес, ЕТЖ белгілеу еңбеккерлерді заңсыз төмен жалақыдан қорғау, прогресс жемістерін тең және әділ бөлу, сондай-ақ жұмыскерлерді өмір сүру шығындарын жабатын тиісті минимуммен қамтамасыз ету мақсаттарын көздейді.

Осы құралдың пайдасы туралы сарапшылар пікірі әртүрлі болуына қарамастан, бүгінгі таңда ЕТЖ ХЕҰ-ға мүше елдердің 90%-дан астамында бар (2019 жылғы дерек бойынша ХЕҰ-ға мүше 187 ел бар) және оны анықтау тәсілдері ел экономикасының, еңбек нарығының ерекшеліктеріне және басқа да факторларына байланысты. 

Демек, әлем елдерінде сәтті қолдануға болатын ЕТЖ анықтаудың әмбебап әдістемесі жоқ.

Алайда, әртүрлі экономикалық факторларға негізделген ЕТЖ анықтау әдіснамасының болуы елдің бүкіл еңбекақы төлеу жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде ЕТЖ дамуының белгісі деп айтуға болады.

Әлемде ЕТЖ сәйкестігін бағалау үшін әртүрлі көрсеткіштер пайдаланылады. Ең көп тарағаны – Кейц индексі (ЕТЖ-ның орташа жалақыға қатынасы). ХЕҰ тарапынан Кейтц индексі 50% деңгейінде болуы ұсынылады.

Сонымен қатар, Еуропалық Одақ елдерінде Кейтц индексі орта есеппен 60%-ке жеткен, оның ішінде Португалияда – 70%, Польшада – 63%, ал Дүниежүзілік банк жіктеуіне сәйкес,  табысы шамалас елдер – Боливияда Кейтц индексі  – 66%, Чилиде – 66%, Эквадорда – 88%.

Қазақстанның жағдайы қалай?

Қазақстанда ұзақ уақыт бойы ЕТЖ ең төменгі күнкөріс деңгейінде белгіленді, тек 2019 жылы ол ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары 42,5 мың теңге деңгейінде айқындалды. Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша ЕТЖ 60 мың теңге деңгейінде белгіленді.

Нәтижесінде, оны анықтаудың нақты әдіснамасының болмауына байланысты ЕТЖ ел бойынша орташа жалақыдан едәуір артта қалды және экономикадағы нақты жағдайды ескермейді.

Мәселен, Қазақстанда 2022 жылы Кейтц индексі небәрі 29,4%-ке жетті.  ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінде мұндай үрдістің сақталуы жалақы деңгейіне теріс әсер ететінін, өйткені халық табысының негізгі үлесі дәл еңбек қызметінен түсетін табыстардан қалыптасатынын және бұл кірістер құрылымында 73%-дан асатынын атап өтті.

Қазақстанның ЕТЖ төмен болуының басты себебі – оны анықтауда серпінді тәсілдің болмауында. Осының салдарынан бұл көрсеткіш экономикадағы өзгерістерге ілесе алмайды.

Мәселені шешу үшін не істеліп жатыр?  

Осы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар тапсырмалар айтты. Біріншіден, бұл – ЕТЖ мөлшерін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін арттыру, бұл шамамен 1,8 млн азаматтың табысына әсер етеді.

Екіншіден – динамикалық тәсілге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындаудың жаңа әдістемесін енгізу жөніндегі тапсырма.

Бұл қадамдар еңбекақы төлеудің барлық жүйесін дамыту үшін өте маңызды, өйткені олар тек ЕТЖ алатын қызметкерлерге ғана емес, сонымен қатар жалақысы ЕТЖ негізінде есептелетін азаматтарға да әсер етеді. Осылайша, қарқынды өсіп келе жатқан және негізделген ЕТЖ халықтың нақты ақшалай табысының өсуіне, кедейліктің қысқаруына, еңбекақы қорының ұлғаюына, оның ішінде оны көлеңкеден шығаруға, тұтынудың өсуіне және басқа факторларға оң әсер етеді. Агенттікте бұл бастаманы іске асыру кезінде ЕТЖ-ны оның экономикаға әсер ету сценарийлерімен анықтаудың әртүрлі нұсқаларын есептеу қажет екенін, өйткені оның негізсіз өсуі формальды жұмыспен қамтудың төмендеуі мен тұтыну бағасының өсуін қамтитын әртүрлі жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Бұл ретте көрсетілген тәуекелдердің алдын алу үшін ЕТЖ анықтау мәселелеріне барлық мүдделі тараптарды: мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерін, кәсіподақтарды, еңбекақы төлеу саласындағы халықаралық және жергілікті сарапшыларды белсенді тарту қажет.

Өзгелердің жаңалығы