Ең бастысы, өз-өзіңді алдамау – марафоншы

17 Тамыз 2021, 15:41
4941
Бөлісу:
Ең бастысы, өз-өзіңді алдамау – марафоншы
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Спорт – ұлт саулығының кепілі. Еліміз бұқаралық спорт түрлерінің дамуына ден қойып келеді. Ел ішінде көпке үлгі болып, түрлі шыңдарды бағындырып жүргендер де бар. Солардың бірі – Абай Дүйсенбаев. Ол өз мамандығымен қатар, сүйікті спортына баса көңіл бөлген. Марафоншы Алматыдан елордамызға дейінгі 2000 шақырым жерді жаяу жүріп өтіп, діттеген межесін бағындырған. Жалпы елімізде жүгіру марафоны қандай деңгейде? Марафоншыларға кедергісіз жүгіру үшін жағдай жасалған ба? Осы және басқа да сұрақтарға Абай Дүйсенбаевпен сұқбат барысында жауап алып көрдік.

- Жүгіру спортына қалай келдіңіз? Белгілі бір себептер болды ма?

- Спортқа бала кезімнен бейіммін. Тоғыз айлығымда-ақ қағілез болыппын. Ал екі-үш жасқа келгенде велосипедпен көше кезіп кететінмін. Сондай бір күндері жоғалып кеткенімде көршіміз өзінің көлігімен іздеп, жол жиегінен тауып алып, үйге қайтарған екен. Бала кезден пысықпын, өмірім қызықсыз болмас үшін түрлі қызықтар іздейтінмін. Бірінші сынып пен төртінші сынып аралығында каратэ үйірмесіне қатыстым. Кейіннен мектеп құрамасында баскетбол ойнадым. Мектепті аяқтаған соң Алматыдағы колледжге оқуға түстім. Онда да спортпен шұғылдану басты назарда болды. Алматыға оқуға келген соң жұмыс пен спортты қатар алып жүруге тура келді. Бұрынғыдай бос уақытым да жоқ. Осылайша, біраз уақыттан кейін үлкен шаһарда саламатты өмір салтын қолға алып, жүгіру марафонына бет бұрдым.

Маған тауларға шығу мен шыңдарды бағындырып жүру оңай тиетін. Алматыда зерігіп кеттім. Марафонға қатысып, жүгіремін деп шештім. Алматыдан Астанаға дейінгі жолды бағындырамын деп меже қойдым. Велосипедті де, скейтбордтты да қолдануды қаламадым. Себебі, ол жеңіл жол деп ойладым. Өз аяғымның күшімен еліміздің табиғатын, әдемі жерлерін көру мақсатында аттандым.

- Марафоншы болу үшін адамның бойында табиғатынан бейімділік болуы керек пе, әлде жаттығу маңызды ма?

- Ең бастысы – өз-өзіңді жеңе білу. Жүгірген кезде менің денем мен аяқтарым шаршамайды. Тек басыма әр түрлі ойлар келіп, кері тартуға тырысатын сәттер болады. Ондай кездерде жалқаулыққа бой алдырмаймын. Санамыз өзін сақтау мақсатында кері ойларды еске түсіруі заңдылық. Қысқасы, өз-өзіңмен іштей арпалысасың.

Меніңше, спортпен айналысу үшін адам бойында туабітті қабілеттің болуы шарт деген қатып қалған нәрсе жоқ. Бастысы ниет болса - болғаны. Ниеттенсең, қалағаныңды айқын мақсатқа айналдырып, шыңдалып, өзіңді тәрбиелей алады. Адам бағындырмайтын белес жоқ. Әрине, тұрақты жаттығулар артық болмайды. Онсыз тез шаршайтын боласыз.

- Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан қайырымдылықпен айналысатыныңызды байқадым...

- Иә, қайырымдылықпен де айналысамын. Егер картамда ақша болса, мұқтаж жанға беруге дайынмын. Бірақ жасаған жақсылықтарымды ешкімге айтпаймын. Өзім әлеуметтік желідегі парақшамда картамның нөмірін көрсетіп қойғанмын. Алғашында өзім үшін деген мақсатта аштым. Себебі, марафон кезінде жұмысымды да тастаған едім. Ал қазір бірталай қомақты қаржы жинап үлгердім. Оны қайырымдылыққа, нақтырақ айтсам, денсаулығы жоқ, күрделі медициналық операцияларға мұқтаж балаларға немесе балалар үйіне тапсырамын.

- Елімізде марафоншылар үшін жол бекеттерінде жағдай жасалған ба?

- Бұл тұрғыда бәрі жеткілікті деп ойлаймын. Мен жүгіріп өткен ауылдық елді мекендерде, тіпті, жазықтарға барлық жағдай жасалынған деп айтуға болады. Алматыдан Алакөлге дейін 600 шақырым жол жүгірдім. Сол кезде еліміздің табиғатының әсемдігіне көзім жетті. Баршаңызға Алакөлге баруға кеңес беремін. Барғанда тек тынығып қана қоймай, денсаулығыңызға шипа аласыз. Кең-байтақ жеріміздің табиғатының әдемілігіне тамсандым. Елімізде жүгіру марафондары айтарлықтай дамыған жоқ. Марафон жеңілдеу өту үшін демеушілік көрсету сынды жағдайлар жасалмаған. Мен өзімнен кіші жастарға жүгірумен айналысуға кеңес бергім келеді. Бұл – денсаулыққа ең пайдалы спорт түрі. Әсіресе, пандемия кезінде ең тиімді. Жүгіру – ол адам денесінің қан айналымын ретке келтіреді, шыдамдылықты арттырады. Жүрек жұмысын жақсартады.

Сөз соңында спортпен енді шұғылдануға кіріскелі жатқан ынталы адамдарға қысқа ғана кеңес бергім келеді: Жүгіруді ертеңге қалдырмай, дәл қазіргі сәттен бастап кету керек. Қалғаны өзі біртіндеп бола береді.

- Абай, сізге сәттілік тілеймін! Спорттық мансабыңызда биік-биік шыңдарды бағындыра беріңіз. Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы