Астанада Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тәжікстан – Қазақстанның аймақтағы маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 19%-ға өсіп, $1,4 млрд-қа жетті.
Біз өзара сауданы одан әрі кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отырмыз. Тауар айналымын $2 млрд-қа жеткізу жөніндегі алға қойған міндетімізге сәйкес біз Тәжікстан Үкіметімен бірлесіп сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту бойынша жұмыс істеп жатырмыз, — деді Әлихан Смайылов.
Бұл бағытта Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Тәжікстан үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады, оның кезекті отырысы осы жылдың сәуір айында сәтті өткен болатын. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға арналған тауар айналымын арттыру бойынша жол картасы қабылданды.
Өз кезегінде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон республикалар арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың жоғары әлеуетін атап өтті.
Біздің қарым-қатынасымызды дамыту үшін қажетті алғышарттар бар. Барлық негізгі бағыттарда өзара тиімді іс-қимылдың бай тәжірибесі жинақталды. Мен бүгін қабылданған Одақтастардың өзара іс-қимылы туралы декларацияның тарихи маңызын ерекше атап өткім келеді. Бұл біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға кең жол ашады, — деді Эмомали Рахмон.
Тәжікстан басшысы екі елдің бизнес-қауымдастықтарын жақындастырудың, екіжақты сауданы арттырудың және өзара мәдени-гуманитарлық іс-қимылды жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
Біз Қазақстанмен ешбір шектеусіз барлық салада ынтымақтасуға дайынбыз, — деді Эмомали Рахмон.