Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Емханалар мен ауруханаларға дәрі-дәрмек қалай жеткізіліп жатыр?

Бүгiн, 16:18
219
Бөлісу:
 СҚ-Фармация
Фото: СҚ-Фармация

Астанада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтауға арналған логистикалық хабта Бірыңғай дистрибьютор бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз турын өткізді. Іс-шара барысында журналистер еліміздің медициналық ұйымдарына арналған препараттарды қабылдау, сақтау, бөлу және өңірлерге жөнелту үдерістерімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

"СҚ-Фармация" ЖШС өкілдерінің мәліметінше, 2026 жылғы 5 қаңтардан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды кезең-кезеңімен жеткізу басталған. Жөнелту медициналық ұйымдардың өздері бекіткен өтінімдер мен жеткізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылып жатыр.

Емханалар мен ауруханаларға дәрі-дәрмек қалай жеткізіліп жатыр?

Қазіргі уақытта жеткізілім жұмыстары штаттық режимде, кідіріссіз атқарылуда. Барлық логистикалық тізбек Бірыңғай дистрибьютордың тұрақты бақылауында, ал өңірлерге жөнелтілетін тауарлар белгіленген кестеге сай жолдануда.

2026 жылғы қаңтардың алғашқы күндеріндегі жағдай бойынша амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде жөнелтілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың көлемі айға жоспарланған көрсеткіштің 20 пайызынан асып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттерді қамтамасыз етуге басымдық берілген. Атап айтқанда, жөнелтілген көлемнің үлесі:

  • гемофилия бойынша – 28 пайыз;
  • онкологиялық аурулар бойынша – 38 пайыз;
  • қант диабеті бойынша – 12 пайызды құрайды.

Баспасөз туры кезінде жеткізілімнің 100 пайызға жету қарқынына Бірыңғай дистрибьюторға тәуелсіз бірқатар сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін екені айтылды. Олардың қатарында өндірушілер тарапынан өндірістік үдерістердің кешеуілдеуі, геосаяси жағдай, дәрілік заттарды сертификаттау және бір реттік әкелу рәсімдері, таңбалау талаптары, сондай-ақ қолайсыз ауа райы бар.

Емханалар мен ауруханаларға дәрі-дәрмек қалай жеткізіліп жатыр?

Сонымен бірге «СҚ-Фармация» өкілдері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қоймаға түскен сәттен бастап оларды медициналық ұйымдарға барынша жедел жеткізу үшін шұғыл шаралар қабылданатынын атап өтті.

Қазіргі таңда Бірыңғай дистрибьютордың Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларында орналасқан төрт ірі логистикалық хабы, сондай-ақ еліміздің түрлі өңірлерінде тоғыз операциялық қоймасы жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе дәрілік заттарды өңірлерге уақтылы әрі біркелкі жеткізуге мүмкіндік береді.

Бірыңғай дистрибьютор тәулік бойы жұмыс істей отырып, дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің тұрақтылығы мен ашықтығын қамтамасыз етіп келеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан бойынша пациенттер үшін өмірлік маңызы бар препараттардың үздіксіз әрі уақытында жеткізілуіне жағдай жасап отыр.

Өзгелердің жаңалығы