Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Балалар тағамын беру туралы шешім қалай қабылданады? Берілген қоспалар балаға сәйкес келмейтін жағдай туындаса қайда хабарласу керек. Осы және өзге де сауалдардың жауабын төменгі ақпараттан оқып, таныса аласыздар.
Нұр-Сұлтан қаласының медициналық орталығының директоры, MD, MBA, бірінші санатты денсаулық сақтау ұйымдастырушысы Аида Омарбекова медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында балалар тағамын берудің қалай жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.
Ерте бастан жасанды немесе аралас тамақтандырудағы 1 жасқа дейінгі балаларды тамақтандыру азаматтардың жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне кіреді. Емшек сүтін бейімделген алмастырғыштармен тегін қамтамасыз ету үшін абсолютті және салыстырмалы көрсеткіштер бар. Олар медициналық және әлеуметтік болып бөлінеді, - деп Аида Бағдатқызы айтып өтті.
Медициналық көрсеткіштер:
емізетін ананың ауруы, оның ішінде инфекциялық (АИТВ инфекциясы, туберкулездің белсенді түрі);
бейінді маманның қорытындысы болған кезде дәрілік препараттарды қабылдаумен қатар жүретін емізетін ананың аурулары (цитостатиктер, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық, есірткі);
жедел психикалық аурулар (психоз немесе босанғаннан кейінгі ауыр депрессия);
жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен қатар жүретін туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақаулары, жүрек аурулары;
эндокриндік аурулардың ауыр түрлері;
аллергиялық аурулардың ауыр түрлері;
қан жүйесі және қан түзу аппараты ауруларының ауыр түрлері;
қатерлі онкологиялық аурулар;
бүйрек жеткіліксіздігінің дамуымен жүретін бүйрек ауруларының ауыр түрлері;
іріңді-септикалық аурулар;
гипогалактияның бастапқы формалары;
баланың негізгі аурулары, оның ішінде расталған туа біткен лактаза жеткіліксіздігі, галактоземия, фенилкетонурия, «үйеңкі шәрбаты» ауруы.
Әлеуметтік көрсеткіштер:
көпұрықты жүктіліктен пайда болған балалар;
асырап алынған балалар;
бала емізетін ана оқудың күндізгі бөлімінде оқып жүрген жағдайда;
бала емізетін ана тәулік бойы стационарда емделіп жүрген жағдайда.
Мемлекет жасанды тамақтандыруға көрсеткіштері бар аналар мен сәбилерді қолдайды және оларды қажетті тамақпен қамтамасыз етеді. Дегенмен, сарапшы табиғи жолмен емізуге ештеңе жетпейтіндігін айтады.
ДДҰ және ЮНИСЕФ сарапшылары алты айға дейін нәрестелерді тек емшек сүтімен, содан кейін екі жасқа дейін және одан кейін рационды басқа өнімдермен толықтыра отырып, емізуді жалғастыруды ұсынады, – деп Аида Бағдатқызы атап өтті.
Осы себепті, біздің елімізде емшек сүтімен тамақтандыру белсенді түрде насихатталуда, босануға дайындық мектептерінде болашақ аналармен сабақтар өткізіліп тұрады. Бала туылғаннан кейін сәйкесінше әңгімелер жүргізіліп, оларды емізу бойынша жаттығулар жасалады.
Балалар тағамын беру туралы шешім қалай қабылданады?
Әрбір медициналық ұйымда комиссиясы құрылады. Оның құрамын емхананың өзі бекітеді. Комиссия отырыстарында пациенттердің тарихы қаралады және айғақтарды растаған кезде тегін балалар тағамын ұсыну туралы қорытынды жасайды, – деп Аида Бағдатқызы түсіндіріп өтті.Туғаннан бастап өмірінің бірінші айына дейін нәрестеге орта есеппен 8-ден 10 пакетке дейін құрғақ қоспа беріледі (қорап-орта есеппен 400 мг). Педиатр ай сайын баланы өлшейді, салмақтың өсуін тексереді және формула бойынша балалар тамағының тиісті мөлшерін жеке есептейді. Әр балаға арналған құрғақ сүт қоспаларының бөлінген көлемі анықталатын әдістемелік ұсыныстар бар. 2018 жылдан бастап емшек сүтінің бейімделген алмастырғыштарын сатып алуды емханалардың өздері жүзеге асырып отыр.
Қоспалар ай сайынғы шығыннан бір күнтізбелік айға беріледі. Әр ай сайын учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігер / педиатр баланы өлшеп, салмақ қосуын бақылайды. 6 айдан кейін қоспалар кемітіледі, өйткені балаға жалпы үстел (қосымша тамақ) енгізіліп, сүт қоспасының үлесі пропорционалды түрде азаяды, - деп түсіндірді сарапшы.
Егер сүт аз болған жағдайда?
Жиі қойылатын сұрақтың бірі «Егер анасы бастапқыда баланы емшек сүтімен тамақтандырса, бірақ уақыт өте келе ол азайып кеткен жағдайда не істеу керек?».
Сарапшы түсіндіргендей, ол әйелде босанғаннан кейін бірден болмаған жағдайда ғана, кейінгі гипогалактия қоспаларды тегін таратуға арналған көрсеткіштер тізіміне кіреді.
Аллергия пайда болған жағдайда
Берілген қоспалар балаға сәйкес келмейтін жағдайлар болады. Бұл туралы бірден дәрігерге хабарлау қажет.
Қоспаға аллергиялық реакциялар немесе оның кез-келген жеке ингредиенттеріне төзбеушілік жағдайында балаға жеке басқа қоспа таңдалады (гипоаллергенді, лактозасыз), - деп түсіндірді сарапшы.
Балалар тамағымен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізіледі. Естеріңізге салып өтейік, декреттегі аналар МӘМС жүйесінде сақтандырылған, себебі олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.