Көркем гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Эльжана Таниева Олимпиада қарсаңындағы соңғы ірі турнирге қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитеті мәлім етті.
23-28 шілде аралығында Румынияның Клуж-Напока қаласында көркем гимнастикадан әлем кубогі өтеді.
Бұл бәсекеде Әлия Юсупова жаттықтыратын Эльжана Таниева бақ сынайды. Аталған турнир гимнастар үшін Париж Олимпиадасының алдындағы шешуші турнир болмақ.
Румыниядағы әлем кубогіне көркем гимнастикадан Париж Олимпиадасына жолдама алған 24 спортшы да қатысады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Эльжана Таниева Германиядағы жаттығу базасында дайындалып жатыр. Спортшы Париж Олимпиадасының жолдамасын Ташкенттегі лицензиялық Азия чемпионатында жеңіп алған болатын.