Елжан Біртанов: Жас дәрігерлердің жұмысына ерекше көңіл бөлгім келеді

16 Маусым 2019, 16:21
2397
Бөлісу:
Елжан Біртанов: Жас дәрігерлердің жұмысына ерекше көңіл бөлгім келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Жаз біздің кәсіби мерекемізбен басталады. Бұл күні жылды қорытындылап, үздік қызметкерлердің еңбегін елеп, алдымызға жаңа міндеттер қоямыз". Медицина саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған ҚР Денсаулық сақтау министрі осылай деді.

"Биыл - «Jastar Jyly». Сондықтан жас дәрігерлердің жұмысына ерекше көңіл бөлгім келеді. Мен Қазақстандағы көптеген ауылға барып, медициналық мекемелерді араладым. Аудандық аурухана, амбулаторияда еңбек етіп жүрген өз жұмысын жақсы көретін жас мамандарды көріп, қуандым. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер Сания Атақановамен таныстым. Оның ауруханаға жұмысқа орналасқанына небары жарты жыл болғанына қарамастан, бірнеше рет өте қиын жағдайларға кез болып, талай адамды аман алып қалған" - деді Елжан Біртанов.

Сонымен қатар ол Финктер отбасылық дәрігерлер династиясын мысалға алды.

"Ағайынды Евгений мен Эдуард Финк, екеуі де хирург. Ағасы мен інісі Қостанай облысындағы Федоров аудандық ауруханада жұмыс істейді. Евгений хирургия бөлімінің меңгерушісі әрі анестезиолог-реаниматолог, ал Эдуард – хирург, қосымша лор-дәрігер. Евгений жан сақтау бөлімінде де бөтен адам емес. Мен олардың адам өмірін сақтау жолындағы осындай әмбебап қызметтеріне таң қалдым" - деді министр.

Оның айтуына қарағанда, Исатай ауданындағы ауруханаға барғанда Түркістандағы медицина университетін тәмамдаған жас акушер-гинеколог Иман Пернебековты кездестірдім. Иман университетті бітірген соң бірден ауданға келгенін айтты. Болашақ дәрігерлер үшін бұл да - үлгі.

"Ал реформаға келсек, қазір Қазақстанның денсаулық сақтау саласында түбегейлі өзгерістер орын алуда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдістері, емдеу хаттамалары жетілдіру, адами ресурстарды стратегиялық басқару бойынша жобаларды іске асыру, медициналық білім беруді жаңғырту, медициналық қызметтердің сапасын арттырудың жаңа әдістерін меңгеру, жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсару, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен денсаулық сақтау саласын цифрландыру жұмыстары қызу жүруде" - деіді Біртанов.

Ол өткен жылы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі жаһандық конференция бойынша Астана декларациясы қабылданғанын да атап өтті.

"Бұл Қазақстанның медициналық қауымдастығы үшін тарихи оқиға. Аталған құжаттың ауқымы кең және саяси маңызы жоғары. Астана қарарының негізгі қағидаты – бүкіл әлемдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді дамыту және жақсарту болып табылады. Қабылданған Астана декларациясы әлемнің бүкіл медицина қауымдастығы үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қазақстандық бренді болды. Біз әрбір пациентке медициналық қызметтерді қолжетімді және сапалы ету үшін еңбек етуіміз қажет" - деді министр.

Айта кету керек, бұл жобаға қоғамдық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас сарапшылар - Айнұр Айыпханова мен Сержан Айдосов жетекшілік етті. 

"Айнұр Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры, Сержан директордың міндетін атқарушы. Оларға Қазақстанның денсаулық сақтау саласының халықаралық деңгейдегі дәрежесін көтеру үшін қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін. Фармацевтика саласы да сапалы жаңа деңгейге көтерілуде, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің бірыңғай фармацевтикалық нарығы іске қосылды, Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр енгізілді, барлық дәрілік заттардың бағасын реттейтін заң қабылданды, фармацевтикалық қызметті лицензиялауды бақылау күшейтілді, дәрілік заттардың айналымы саласында сапа халықаралық стандарттарға ауысуда. Бұның бәрі қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, олардың өмір сүру ұзақтығын арттыру үшін жасалған іс-әрекет" - деді Елжан Бітанов.

Сөз соңында ол қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

"Құрметті әріптестер! Біздің мамандығымыз әрдайым қоғамдағы ең абыройлы да сұранысқа ие мамандық болған және болып қала бермек. Сіздер әрбір адамды дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін сүйемелдейсіздер. Сіздер адам үшін ең қымбат құндылық – оның денсаулығы мен өмірін сақтауға көмек көрсетесіздер. Кәсіби шеберліктеріңіз шыңдалып, халықтың ризашылығына бөлене беріңіздер демекпін. Сіздердің өмірлеріңіз бақытты да табысты сәттерге толы болсын, зор денсаулық және отбасыларыңыз бен жақындарыңызға амандық тілеймін"- деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Медицина саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бүгін аталған мерекеге орай Мемлекет басшысы да өз құттықтауын жолдаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы