Елжан Біртанов коронавирусқа тест тапсырады

22 Сәуір 2020, 15:24
2177
Бөлісу:
Елжан Біртанов коронавирусқа тест тапсырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус жұқтырған бұрынғы денсаулық вице-министрі Қамалжан Надыровтың соңғы кездері барлық араласқан адамы анықталып, тексеріліп жатыр. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Диас Ахметшәріп айтты.

Үкіметтің шешімімен Камалжан Талғатұлы кеше ҚР денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылып, Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып тағайындалған еді. Өкінішке қарай, ол кешке ауырып, тест тапсырған еді. Сынақ нәтижесі оның инфекция жұқтырғанын көрсетті. 

Қамалжан Надыров қазіргі кезде елордадағы жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Әзірге жағдайы жаман емес. Екі-үш аптада жазылып, жұмысына кіріседі деп үміттенеміз, - дейді Диас Ахметшәріп.

Қазіргі кезде оның барлық жақын араласқан және ықтимал байланыста болған адамдарын анықтау үшін эпидемиологиялық зерттеу жүргізілуде екен.

Соңғы екі аптада өңірлерді аралады. Дерттің өршіп тұрған ошақтарына барды. Енді жақын араласқан адамдарының барлығы COVID-19 бойынша сынақтан өтеді. Надыров жұмыс сапарымен Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласында болды, - дейді ресми өкіл.

Сонымен қатар, ол бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та коронавирус жұқтырмағанына сенімді болу үшін тест тапсыратынын айтты. 

Өздеріңіз білетіндей, 30 наурыздан бастап Денсаулық сақтау министрлігі қашықтан жұмыс форматына көшті. Сондықтан министрлікте істейтіндердің инфекцияны жұқтыру қаупі аз. Қызметкерлердің 90%-ы үйден істеп жатыр. Кеңсеге министр Елжан Біртанов және тағы 3-4 адам ғана барып жүр. Олардың барлығы өз кабинеттерінде отырып жұмыс істейді. Сондықтан инфекция жұқтыру қаупі минималды деп санаймыз. Алайда, бүгін Елжан Амантайұлы (денсаулық сақтау министрі Біртанов - тілші) коронавирустық инфекция жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшін тест тапсырады. Нәтижесі қалай болады, сіздерге хабарлап айтамыз, - деді Диас Ахметшәріп.

Өзгелердің жаңалығы