Елшіге Жапония Императорының атынан «Күншығыс» ордені табыс етілді

18 Тамыз 2022, 20:27
1339
Бөлісу:
Елшіге Жапония Императорының атынан «Күншығыс» ордені табыс етілді

Қазақстан елшісіне Жапония Императорының атынан «Күншығыс» ордені табыс етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жапонияның Нұр-Сұлтандағы елшісі Джун Ямада Ұлы Мәртебелі Жапония Императоры Нарухитоның шешімімен Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты тереңдетуге және екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін ең жоғары мемлекеттік наградалардың бірі болып саналатын «Күншығыс орденін, Алтын және Күміс жұлдызын» Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевқа табыс етті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов, Грекияның Нұр-Сұлтандағы елшісі Эфталия Какиопулу, сондай-ақ екі елдің іскерлік және дипломатиялық топтардың өкілдері қатысты.

«Күншығыс ордені» - Жапонияның марапаттау жүйесіне енгізілген алғашқы марапат. Орден алғаш рет 1875 жылы табысталған болатын. Жапондық мемлекеттік айрықшалау жүйесіне сәйкес, «Күншығыс ордені, Алтын және Күміс Жұлдыз» II дәрежелі орден болып табылады.

Е. Баударбек-Қожатаев Қазақстанның Жапониядағы елшісі қызметін 2016-2021 жж. атқарған, 2017-2021 жж. аралығында Жапонияның Токай университетінде шақырылған профессор болған. Жапон және ағылшын тілдерін меңгерген. Қазақстан СІМ жүйесінде 30 жыл бойы қызмет атқарып келеді.

Өзгелердің жаңалығы