Түркия елшісі: Қазақстан сервистік мемлекетті құруда серпіліс жасады

10 Маусым 2019, 16:55
1740
Бөлісу:
Түркия елшісі: Қазақстан сервистік мемлекетті құруда серпіліс жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Түркияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уяныкпен кездесті.

Түркия елшісі Қазақстандағы мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ілгерілемелі қозғалысты атап өтті, екі жақты қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды.

«Біз Қазақстанның қалай дамып жатқанын көріп отырмыз. Тәуелсіздік алған сәттен бастап аз уақыт ішінде Қазақстан тиімді мемлекеттік аппарат құруда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Түркия арасында тығыз сауда-экономикалық қатынастар жолға қойылған. Біздің сауда-экономикалық қарым-қатынастарымыз соңғы 15 жылда $3,5 миллиардқа жетті. Біз екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықты күтеміз», - деді елші.

Түрік дипломаты мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру және электрондық үкіметті енгізу саласындағы Қазақстанның оң жетістіктерін ерекше атап өтті.

«Қазақстан сервистік мемлекетті құруда серпіліс жасап, электрондық үкіметті енгізу мен дамыту, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұсыну процестерін жетілдіру бөлігінде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді», - деді Невзат Уянык.

Өз кезегінде Агенттік төрағасы Түркиямен ынтымақтастық Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатынын ерекше атап өтті.

«Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас өзара достықта, бауырластық пен сенімде негізделген. Біздің есігіміз инвесторлар үшін ашық. Барлық қол жетімді ресурстарды пайдалана отырып, біз кәсіпкерлер мен инвесторларды төрешілдіктен және олардың қызметіне заңсыз араласудан қорғауға барынша жәрдемдесетін боламыз», - деді Алик Шпекбаев.

Агенттік басшысы инвестициялық жобаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге бағытталған бизнес пен инвестицияларды қорғау жөніндегі жобаның жұмысы туралы айтып берді.

Елші мырза Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан түрік бизнесмендерінің инвестициялық жобалары туралы айтып, Агенттіктің осы бағыттағы қызметіне ерекше қызығушылық білдірді.

«Олардың одан әрі дамуы серіктестердің тарапынан бизнесті адал жүргізумен тікелей байланысты болады», - деп атап өтті ол.

Кездесу қорытындысы бойынша Невзат Уянык Агенттік басшысына көрсетілген қабылдау үшін алғысын білдіріп, жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екендігін айтты.
Өзгелердің жаңалығы