Бүгін БАҚ өкілдеріне Астанадағы қысқы маусымға жасалған дайындықты өз көзімен көру мүмкіндігі берілді. Қары қалың түсетін, желі үнемі қатты соғатын елорданың қысы – коммуналдық сала үшін ең үлкен сынақтардың бірі. BAQ.KZ тілшісі елорданың тазалығын қамтамасыз ететін басты мекемелердің бірі – "Астана Тазалық" ЖШС ұйымдастырған баспасөз турында қаланың қысқы маусымға дайындығымен танысып қайтты.
Пресс-турды ашқан компанияның бас директоры Замир Сагинов күн сайын қаланың тазалығы мен қауіпсіздігі үшін тер төгетін мамандардың еңбегіне ерекше тоқталды.

Таңмен таласа көше тазалығын қолға алатын да, көшені қыстан аман алып шығатын да – осы еңбек адамдары. Қардың астында қалмайтын да, көктайғақта сүріндірмейтін де – олардың маңдай тері, – деді ол.
Кәсіпорын мәліметінше, биылғы қысқы кезеңде көшелер мен жолдарды күтіп-ұстау жұмыстары күшейтілген тәртіппен жүргізіліп жатыр. Күн сайын жұмысқа 700 жол қызметкері шығып, орта есеппен 408 арнайы техника қар тазалау және ауа райының күрт өзгеруіне тез жауап беру үшін әзір тұрады.
Қажетті материал қоры да алдын ала толықтырылған. Қоймаларда 1 200 м³ құм, 4 400 тонна көктайғаққа қарсы қоспалар және 1 000 тонна реагент бар. Ал техниканың үздіксіз жұмыс істеуіне қала бойынша орналасқан үш сұйық реагент құю станциясы жауап береді. Олар «Есіл», «Нұра», «Сарайшық», «Алматы», «Сарыарқа» және «Байқоңыр» аудандарын қамтамасыз етіп, тұрғындардың жолда емін-еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
Кәсіпорын алдағы қысқы жүктемелерге толық дайын екенін айтып, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар жасалғанын жеткізді.
Цифрлық жол қағазы: елорда көшелеріндегі жұмысты жедел бақылауға мүмкіндік беретін жүйе
Коммуналдық саланы цифрландыру – қаланың инфрақұрылымын жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі. Пресс-тур барысында компания осы бағыттағы басты жаңалықтарының бірі – "Цифрлық жол қағазын" таныстырды. Енді қала көшелеріне шыққан әрбір техника қай бағытта жүр, қай уақытта жұмысын бастаған, қанша реагент шашқаны – бәрі нақты уақыт режимінде көрінетін болады.
Сарыарқаның қалың қарлы, екпінді желді қысы жыл сайын жол шаруашылығына айтарлықтай салмақ түсіретіні белгілі. Сол себепті алдағы маусымда жұмыстың тоқтаусыз жүруі үшін қабылданған шаралар толықтай көрсетілді.
.jpeg)
Бас директор Замир Сагинов коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.
Дәл осы жұмысшылар таңмен таласа линияға шығып, көшелердің таза әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді. Олардың еңбегі – елорданың жайлы өмірінің негізі, – деді ол.
Кездесу барысында кәсіпорынның негізгі цифрлық шешімдері таныстырылды. Оның өзегі – электронды жол парағы жүйесі. Бұл жүйе нақты уақыттың өзінде қай техника қай жерде жүргенін, қанша реагент себілгенін, қозғалыс бағытын және жұмыстың басталу уақытын толық көрсетеді. Жүйе тек бақылау құралымен шектелмейді – коммуналдық қызметтің ашықтығын арттырып, тиімділігін бірнеше есе жоғарылататын жаңашылдық саналады.
Қазіргі уақытта электронды жол парағы 393 арнайы техникаға енгізілген. Жүйе есептілікті автоматтандырып, жанар-жағармай шығынының айқын болуын қамтамасыз етіп, маршрутты тиімді жоспарлауға мүмкіндік беруде.
.jpeg)
Бұл технологияға елордадан тыс өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Алматы қаласы оны енгізу бойынша сатып алу рәсімдерін бастап кетті. Сонымен бірге кәсіпорын Шымкент қаласы, Павлодар және Қызылорда облыстары әкімдіктерімен келіссөз жүргізуде. Астананың өзінде жүйе «Астана-Теплотранзит» АҚ техникаларына орнатылып жатыр. Бұл – цифрлық шешімдердің коммуналдық салада сұранысы артып келе жатқанын көрсетеді.
Цифрландыру тек техниканы басқару мәселесін емес, қызметкерлердің қауіпсіздігі мен денсаулығын да қамтиды. Жұмыс барысында тәуекелді азайту мақсатында «Med365» және «Adal Check» платформалары енгізілген. Бұл жүйелер қызметкерлердің күнделікті медициналық тексеруден өтуін онлайн режимде тіркеп, машинистер мен жүргізушілердің жұмысқа рұқсат алу тәртібін нақты бақылауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде төтенше жағдайлардың алдын алу деңгейі артады.
Кәсіпорындағы тағы бір маңызды жаңалық – жүргізушінің шаршауын бақылайтын интеллектуалды жүйе. Ол кабинаның ішіндегі кез келген бұзушылықты тіркейді. Мысалы, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, маршруттан ауытқыса немесе қалғып кетсе, жүйе дереу сигнал береді. Бұл жол-көлік оқиғаларын болдырмауға және жалпы қауіпсіздік деңгейін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді.
Техниканың тынысы кеңейді
Баспасөз туры барысында журналистер техникалық база мен атқарылған жұмыстармен егжей-тегжейлі танысты.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қысқы маусымда басты міндет – арнайы техниканың тоқтаусыз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету.
Биыл кәсіпорын өз автопаркін айтарлықтай жаңартты. Қыстың ауыр жүктемесіне төтеп беруге арналған жаңа техникалардың қатары мыналармен толыққан:
- 5 автогрейдер
- 10 самосвал
- 1 кран-манипулятор
- 5 вакуумды сору-қоқыс жинау машиналары (жол пылесостары)
- 8 КДМ Volvo көпфункционалды жол машиналары
- 5 КДМ CJS
- Реагент дайындауға арналған 2 арнайы қондырғы
- 4 лапалық СМП типіндегі жүктегіш
Жыл соңына дейін автопарк тағы бірнеше жаңа техникамен толығады деп жоспарлануда.
Кәсіпорын қолданатын көктайғаққа қарсы материалдарға да ерекше назар аударды. Мұнда магний негізіндегі экологиялық таза, отандық реагенттер пайдаланылады. Олардың қатарында жеке материал ретінде де, арнайы қоспалардың құрамында да қолданылатын магний хлориді (бишофит) бар. Мұндай реагенттер коррозияны азайтып, өңдеу тиімділігін арттырады. Олар 0°C-тан –30°C-қа дейінгі температурада қар мен мұзға қарсы жоғары нәтиже көрсетеді, ал кейбір формулалар бұдан да қатты аязда тиімді әсер етеді.
Ең маңызды артықшылықтардың бірі – бұл реагенттердің сертификатталған, қауіпсіз және қоршаған ортаға зияны тимейтіндігі. Мегаполис жағдайында экологиялық талаптардың сақталуы – аса өзекті мәселе.
Қалаға қамқорлық – адамдарға жасалған қамқорлықтан басталады
БАҚ өкілдері пресс-тур кезінде "Астана Тазалық" кәсіпорнында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қолдау жүйесінің қалай күшейтілгенін де көрді. Сарыарқаның боранды, қақаған қысы коммуналдық сала мамандары үшін ең ауыр кезеңдердің бірі екені белгілі. Сол себепті күн сайын қаланың көшесін тазалайтын адамдарға жайлы жағдай жасау – кәсіпорын басымдық беріп отырған негізгі бағыттардың бірі.
Кәсіпорын басшысы Замир Сагинов тазалық сақшыларының еңбегіне тоқталып, олардың атқарып жүрген жұмысының маңызын ерекше атап өтті.

Қаланың тазалығы мен қауіпсіздігі — осы мамандардың күн сайынғы маңдай тері. Олар әр таңды жұмыспен қарсы алып, елордалықтардың жайлы өміріне қызмет етеді, – деді ол.
Соңғы бір жыл ішінде кәсіпорында қызметкерлерге арналған әлеуметтік қолдау едәуір күшейтілді.
Жаңартылған демалыс және тұрмыстық бөлмелер
Былтыр кәсіпорын жол жұмысшыларына арналған демалыс және тұрмыстық бөлмелерге толыққанды жөндеу жүргізді. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асқан бұл жоба қызметкерлердің күнделікті жағдайын айтарлықтай жақсартты.
.jpeg)
Есіл және Нұра аудандарында орналасқан жалпы аумағы шамамен 1000 шаршы метрді қамтитын 10 бөлме толық жаңартылып, заманауи тұрмысқа бейімделген инфрақұрылым жасалды. Бұрын жертөле сияқты тар әрі қолайсыз бөлмелерді пайдаланған жолшылар бүгінде 200-ден астам адамға арналған жарық, кең әрі жылы демалыс орындарын тұрақты түрде қолдана алады.
Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету
Әлеуметтік қолдаудың тағы бір маңызды қыры – қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта кәсіпорын 10 қызметтік пәтер мен 80 орындық жатақхананы пайдалануға берді. Алғашқы жеті қызметкер қоныстойын тойлап үлгерген.
.jpeg)
Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында кәсіпорында бес жылдан бері еңбек етіп келе жатқан арнайы техника жүргізушісі Бақытжан Абдуалиев бар. Оның ұлы мен бауыры да осы кәсіпорында еңбек етеді — бір отбасының бірнеше мүшесі күн сайын қаланың тазалығы үшін тер төгеді. Сондай-ақ жуырда үйлі болғандардың ішінде кәсіпорынға бір жылдан астам уақыт бұрын келген жас жүргізуші, екі баланың әкесі Еркін Қадырбай да бар. Ол үшін бұл қолдау – үлкен көмек.
Әлеуметтік пакет және қосымша қолдаулар
Кәсіпорын басшылығы қызметкерлердің тұрмысын жақсартумен ғана шектелмей, олардың сапалы әрі қолжетімді тамақтануына да ерекше көңіл бөледі. Кәсіподақпен бірге әлеуметтік пакет кеңейтіліп, материалдық және тұрмыстық қолдаудың жаңа түрлері енгізілді. Сонымен қатар жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру, еңбек мәдениетін нығайту және жас мамандарды тарту бойынша да қосымша шаралар қолға алынған.
.jpeg)
Замир Сагинов қызметкерлер еңбегінің қаржылай бағалануы туралы да нақты айтты.
Қыс мезгілінде жүргізушілер мен машинистер шамамен 700–800 мың теңге, ал жазда 500–550 мың теңге көлемінде жалақы алады. Инженерлік-техникалық персоналдың еңбекақысы 300–400 мың теңгенің шамасында, – деді ол.
(1).jpeg)
Компания мотивация жүйесін дамыту мен еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар алда да жалғасатынын атап өтті.
Соңында кәсіпорын басшысы айтқан маңызды пікір көпшіліктің көңілінен шықты:
Қалаға жасалатын қамқорлық – ең алдымен осы жұмысты күнде атқаратын адамға деген қамқорлықтан басталады. Әр қызметкер өзін құрметтелгенін сезінуі қажет, – деді Замир Сагинов.