Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада мәдениетті насихаттау аясында «МәдениЕл» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл жолы елорданың еңбек ұжымдары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына Россинидің «Севильдік шаштараз» операсына көрермен ретінде шақырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Елорда әкімдігінің «МәдениЕл» жобасы түріндегі бастама ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан қолдау тауып, 9 ақпан мен 29 наурыз аралығында Мәдениет басқармасы мен «Астана Опера» театрымен бірлесіп жүзеге асырылды. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық қызмет, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік, ақпараттық сала қызметкерлері, полиция, төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, сондай-ақ көпбалалы аналар мен ардагерлер үздік қойылымдарға қатыстыу үшін жобаға 2000-нан астам шақыру билеті тегін бөлінді.
Жақында елорданың еңбек ұжымдары «Севильдік шаштараз» опералық хитін тамашалады.
«МәдениЕл» жобасы аясында қала әкімдігінің қолдауымен ұжымымызға билеттер тегін таратылды. Жұмыстан бос уақытта бізге мәдени демалуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін, - деді астаналық Нұрғазы Үсен.
«Мен – «Астана Тазалық» ЖШС өкілімін. Бүгін біз театрға «Севильдік шаштараз» операсын тамашалауға келдік. Бізге билеттерді тегін тапсырған қала әкімдігіне, Мәдениет және спорт министрлігіне және опера және балет театрының әкімшілігіне алғыс айтқымыз келеді. Біз тек жұмыс істеп қана қоймай, мәдени демалғымыз келеді. Осындай мүмкіндік сыйлағаны үшін алғысым шексіз, - деді қала тұрғыны Бақыт Әлімжанова.