Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың екі тұрғыны эвакуатордың көмегімен автокөлікті ұрлап әкеткен, деп хабарлады Polisia.kz.
Полицияға автокөлікті ұрлап әкету фактісі бойынша қала тұрғыны жүгінді. Белгісіз адамдар үйдің ауласынан Huyndai Accent маркалы автокөлігін жасырын ұрлап кеткен.
Жәбірленушінің айтуынша, ол үш күн бойы қалада болмаған. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында 34 және 29 жастағы екі ер адамды ұстады. Тергеу барысында күдіктілердің қардың астында тұрған көлікті байқап, оны мініп кеткені анықталды. Олар хабарландыру сайты арқылы көліктің есігін ашатын адамды шақырған. Ұрының бірі өзі көлік иесі болып табылатынына маманның көзін жеткізіп, оның күдігін тудырмау үшін тұтандыру құлпының кілтін әзірлеп беруді сұраған. Көліктің кілтін алып кешкі уақытта эвакуатор алып келіп, көлікті алып кеткен.
Ұрылар эвакуаторды хабарландыру сайты арқылы тапқан. Жүргізушіге 10 мың теңге беріп, көлікті ұрының бірі тұратын тұрғын үй ауласына апарып қойған. Күдіктілер автокөлікті ұрлағанын мойындап айғақ берді және Уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Осы факті бойынша ҚР ҚК 188-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер жеті жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал, - деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Сарыарқа ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Темірбаев.