Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов елордағы бірнеше жерді аралап, қаланы қардан тазарту барысын тексерді. Бұл туралы қала басшысы Faсebook-тегі парақшасында жазды.
Шаһар басшысы коммуналдық қызметтердің, мердігерлік ұйымдар басшылары мен аудан әкімдеріне қарды уақтылы тазалау және қала сыртына шығару мәселесі жөнінде бірқатар міндет жүктеді.
Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, яғни тұрғын үй кешендері, жолдар, аялдамалар мен ойын-сауық орталықтары тазартылады. Қаланың коммуналдық қызметтері үш ауысымды жұмыс режиміне көшіп, жұмысты тәулік бойы жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта 900-ге жуық арнайы техника мен 1 700-ден аса жұмысшы жұмылдырылды. Тек бір тәулік ішінде 22 500 текше метрден аса қар, 500 текше метрден аса су қала сыртына шығарылды, - деп жазды Алтай Көлгінов Фейсбук желісінде.
Әкімнің айтуынша, желтоқсан айында қосымша техника алынады.