Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорданы газбен қамтамасыз ететін «Сарыарқа» құбырының 420 шақырымы аяқталды. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев xалыққа есеп беру кездесуінде айтты.
Былтыр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 әлеуметтік бастаманың» бірі ретінде Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру жобасындағы Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұзақтығы 1061 км болатын және жылына 2,2 миллиард текше метр газ өткізу мүмкіндігі бар «Сарыарқа» газ магистралінің 1-ші кезеңін іске қосуға пәрмен берген болатын.
Министрдің айтуынша, газ құбыры Жезқазған қаласына жетіп қалған.
«Сарыарқа газ құбыры кестеге сәйкес салынып жатыр. Қазіргі уақытта Жезқазған қаласына жақын жерде дәнекерлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы уақытқа дейін 420 шақырым жерге құбыр тартылды. Бұл жоспарланған жұмыстың 35 %-ын құрайды. Орташа есеппен дәнекерлеу жұмыстарының тәулігіне қарқыны 7-8 шақырымды құрайды», - деді Қанат Бозымбаев.
Оның айтуынша, «Сарыарқа» газ магистралінің аясында Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Қарағанды облысының 171 елдімекені газбен қамтылады.
«Елорданы газбен қамту жобасы жоспарға сай жүргізіліп келеді. Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Қарағанды Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев, Саран, Шахтинск қалаларының 171 елді мекені газбен жабдықталады. Соның арқасында Орталық Қазақстандағы елді мекендердің 142 мың тұрғыны газға қол жеткізеді. Қазіргі кезде магистраль құрылысында 2 200 адам жұмыс істеп жатыр. 700-ге жуық арнайы техника бар», - дейді министр.