Елордалықтар парадзюдодан әлем чемпионатының жүлдегерлерін әуежайдан қарсы алды

13 Қараша 2022, 12:50
1080
Бөлісу:
Елордалықтар парадзюдодан әлем чемпионатының жүлдегерлерін әуежайдан қарсы алды
PHOTO

Баку қаласында көру қабілеті төмен спортшылар арасында парадзюдодан Әлем чемпионы атанған Ерғали Шамей мен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дзюдо спортынан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының алғашқы алтын медальді сыйлаған Ақмарал Науатбекті, әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Даяна Федосованы, Жанбота Аманжолды, Олжас Оразалыұлын жанкүйерлері мен ата-анасы әуежайдан үлкен қошеметпен күтіп алды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Бакуде өткен парадзюдодан әлем чемпионатында спортшыларымыз 2 алтын және 3 қола медаль иеленді. Ел намысын ұлттық құраманың 18 мүшесі қорғады. Соның бірі – елордалық Ақмарал Науатбек. Бұрымды спортшы пара дзюдодан әлем чемпионатында топ жарып, ел бойынша әйелдер арасында алғаш болып алтынға қол жеткізді.

Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. 41 елден спортшылар келді. Алдағы уақытта Азия чемпионаты бар және де одан кейін Азия ойындары сосын әлемдік ойындары бар. Сол 3 жарыста мені көре аласыздар. Анамның Бакуге – әлем чемпионатына мені қолдау үшін келгені маған зор күш-қайрат сыйлады. Осылай күтіп алып жатқандарына Барлығына алғыс айтамын, - дейді пара дзюдодан әлем чемпионы Ақмарал Науатбек.

Сонымен қатар, ел мерейін асқақтатқан спортшыларды қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев және спорт саласындағы ұйымдардың өкілдері де зор қуанышпен, құшақ-құшақ гүл шоқтарымен салтанатты түрде күтіп алды.

Ерлер арасында 73 келіде сынға түскен тағы бір жерлесіміз Ерғали Шамей де ел қоржынына алтын салды.

Елге келгенде осындай құрмет көрсетіп, бізді күтіп алып жатқан жерлестеріме дән ризамын. Маған үміт артып, жарысқа дайындаған бапкерлеріме, ата-анама, жанкүйер болған қазақ еліне алғыс айтамын. Ел намысын абыроймен қорғап, Қазақ елінің атын әлемдік додада танытқаным үшін өте қуаныштымын. Ендігі мақсат – Олимпиада шыңын бағындыру. Алдағы жарыстарда алтыннан алқа тағып, елімнің көк байрағын әлі талай желбіретіп, әнұранымызды өзге мемлекеттерде шырқатамын деп сенемін. Мен бағындыратын белестер әлі алда, - дейді әлем чемпионы Ерғали Шамей.

Сонымен қатар, Қазақстан спортшылары командалық  жекпе-жекте қола медальді еншіледі. Жарыста қазақстандық пара дзюдошылар әлемнің үздіктері атанатын Бразилия командасын 4:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда Әзірбайжан командасына есе жіберіп, қола жүлде үшін күресте IBSA құрама командасын жеңді. Отандастарымыз Олжас Оразалыұлы, Темірболат Ташекенов, Ерлан Конкиев және Аманжол Жанбота өз қарсыластарын иппон әдісімен таза жеңіп, тарихымызда алғаш рет командалық қола медальді сыйлады.

Бұл жетістік - ерен еңбектің және еліміздегі спортты қолдауының нәтижесі6 - деді құрама бас бапкері Жандос Қиянов.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын командалық сайыста 2019 жылы Қазақстан құрамасы Азия чемпионы атанған болатын.

Айта кетейік, пара дзюдодан әлем чемпионаты төрт жылда бір өтеді. Бакудегі бәсекеге бұл жолы 40 шақты елден 300-ден аса спортшы қатысқан.

Өзгелердің жаңалығы