2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің жаңа мөлшері бекітілуіне байланысты, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сонымен, биыл МӘМС-ке қанша төлейміз? МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады? Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебені қалай тексереді? - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елорда филиалының өкілдері барлық санаттағы төлемшілер төлейтін МӘМС жарналары туралы түсіндіріп берді.
Жұмыс берушілер – 3%
Жұмыс берушілер қызметкер үшін жалақының 3% мөлшерінде аударым жүргізеді, бұл ретте салық салынатын ай сайынғы табыс 10 ЕТЖ-дан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауға тиіс, яғни жұмыс берушінің аударымдарының ең жоғары төленетін сомасы айына 25 500 теңгені құрайды.
Бұл қаражат қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, оларды жұмыс беруші кәсіпорын есебінен төлейді.
Жұмыскерлер – 2%
Жалдамалы жұмыскерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарт негізінде қызмет көрсететін жұмыскерлер МӘМС-ке ай сайынғы табысының 2% мөлшерінде жарна төлейді. Салық салу объектісі барлық жұмыс орындарынан айына 10 ЕТЖ-дан (2024 жылы 850 000 теңге) аспауы тиіс, яғни қызметкердің жалақысына қарай, төлейтін ең жоғары жарна - 17 000 теңге.
Егер екі жерде жұмыс жасаса, жарналарды қалай есептеу керек?
Жарналарды төлеу кезінде шекті табыс барлық жұмыс орындарына қарай ескеріледі. Мысалы, қызметкердің жалақысы 600 000 теңге делік. Сонымен қатар, АҚС шарты бойынша қызмет көрсетіп, 350 000 теңге жалақы алады. Жалпы табыс 950 000 теңгені құрайды, яғни 10 ЕТЖ-дан асады. Бұл жағдайда қызметкердің бір жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталуы керек. Мысалы: 600 000 * 2% = 12 000 теңге. Ал екінші жұмыс орнында ең жоғары төлемнен қалған бөлігі ғана ұсталады: 17 000 теңге (ең жоғары төленетін жарна) – 12 000 теңге (бірінші жұмыс орнынан төленген жарна) = 5 000 теңге (екінші жұмыс орнынан жарна).
Екінші жұмыс беруші жарна мөлшерін дұрыс есептеуі үшін қызметкер оған аударылған жарналар туралы бірінші жұмыс орнынан анықтама беруі керек. Анықтаманы тапсырмаған жағдайда екінші жұмыс орнынан жарналар толық мөлшерде ұсталады, яғни артық төленген сома қалыптасады, – деп түсіндірді Қордың елорда филиалында.
Бірыңғай төлем төлеушілер – 21,5%.
Жалақыдан ұсталатын бірыңғай төлем бірқатар салық төлемдерін есептеудің стандартты әдісіне балама саналады. Бұл – жалақыдан ұсталатын мынадай бес төлемді біріктіреді:
- міндетті зейнетақы жарналары;
- әлеуметтік аударымдар;
- МӘМС жарналары;
- МӘМС-ға аударымдар;
- жеке табыс салығы.
Бірыңғай төлемді жеңілдетілген декларация және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін жеке кәсіпкер мен шағын және орта бизнестің заңды тұлғаларына пайдалануға рұқсат беріледі.
2024 жылы бірыңғай төлем мөлшерлемесі еңбекақы төлеу қорының 21,5%-ын құрайды. Бірыңғай төлемді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей Мемлекеттік корпорацияның шотына бір төлеммен аударады.
Жеке кәсіпкерлер - 5 950 теңге
Жеке кәсіпкерлер 1,4 еселенген ЕТЖ-дан 5% төлейді. 2024 жылы: (1,4 * 85 000) * 5% = 5 950 теңге.
Егер жеке кәсіпкер есептілікті «нөлмен» тапсырса, бірақ өз қызметін ресми түрде тоқтатпаса, онда ол Салық кодексі талап еткендей жарналарды төлеуді жалғастыруы керек екенін есте ұстаған жөн. Әйтпесе, қарыз пайда болады.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар (бұрынғы БЖТ төлеушілер)
Бірыңғай жиынтық төлем кәсіпкерлік қызметті ЖК ретінде тіркеусіз жүзеге асыратын бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін уақытша 5 жылға (2019 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) енгізілген. Тиісінше, осы жылдан БЖТ болмайды. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар сақтандыру мәртебесін алу үшін екі жолмен төлем жасай алады:
- жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жарналарды ЖК ретінде төлеу;
- жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу.
Дербес төлеушілер – 4 250 теңге.
Дербес төлеушілер үшін жарналардың мөлшері мына формула бойынша есептеледі: 5% * 1 ЕТЖ = 4 250 теңге.
Еске саламыз, сақтандырылмаған азаматтар МӘМС жүйесінің қатысушысы болудың ыңғайлы және тиімді тәсілін пайдаланып, жарналарды алдағы 12 айға дербес төлеуші ретінде төлей алады, әр ай үшін төлемді жеке-жеке төлеген жөн. Бұл жағдайда өткен айлардағы қарыздар болса, жойылады. Сөйтіп, азамат алдағы бір жылда МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін иеленеді.
Мемлекет жарналары – 5 853 теңге
Қазақстандағы МӘМС жүйесі әлеуметтік бағдарда болғандықтан, мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін жарна төлеуді жалғастыруда. 2024 жылы мемлекет осы 15 санаттағы жеңілдігі бар бір азамат үшін айына 5852,63 теңге жарна төлейді (мемлекеттің жарналарын есептеу объектісінің, яғни мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган арқылы айқындалатын ағымдағы қаржы жылының алдындағы екі жылға дейінгі орташа айлық жалақының 1,9%).
МӘМС үшін төлемді қайдан жасауға болады?
Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ, Kaspi.kz, HalykBank, ЦентрКредитБанк мобильді қосымшалары арқылы, сонымен бірге Касса 24 және Qiwi әмиян өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары арқылы аударуға болады.
Маңызды:
- төлеушінің ЖСН және ТАӘ дұрыс көрсету;
- төлем жасап, 2-3 жұмыс күннен кейін МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеру, мәртебе берілмесе – төлемдегі деректерді қайта тексеру.
- жеке кәсіпкерлер назарына: салық органдарына есептілікті дайындау және тапсыру;
- өз қызметкерлеріне төлем жасалғаны туралы хабарлау.
Сақтандыру мәртебесін қалай тексереді?
Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені өзіңізге ыңғайлы тәсілде:
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы (оң жақтағы төменгі бұрыштағы қалқымалы жасыл шеңберді басып, ЖСН енгізіңіз)
- egov.kz электронды үкімет порталы арқылы (жеке кабинетте және «Денсаулық сақтау» бөлімінде)
- Telegram-дағы Saqtandyru-bot арқылы (басты мәзірде «Сақтандыру мәртебесін анықтау»)
- Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы (басты мәзірде «Сақтандыру мәртебесін анықтау»)
- 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы
- Damumed мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.
МӘМС жүйесіндегі мәртебе мен төлемдерді екінші деңгейлі банк қосымшаларында тексеруге болады.
Медициналық қызметтерді тұтынушының мәртебесін (сақтандырылған/сақтандырылмаған) тексеру қызметі Қазақстан Халық банкі, ЦентрКредит Банкі және Kaspi Bank мобильді қосымшаларына да енгізілген.
Алдағы 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені Халық банкінің қосымшасы арқылы да тексеруге болады. Ол үшін Halyk мобильді қосымшасын орнатып, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС» бөлімшесінде ЖСН жазу керек. Halyk арқылы медициналық ұйымға тіркелгені туралы ақпарат қолжетімді. «Мемлекеттік қызметтерге» кіріп, «Анықтамалар» батырмасын басқан кезде тұрғылықты мекен-жайы, емхананың атауы, тіркелген күні көрініп тұрады.
Сондай-ақ, Kaspi.kz мобильді қосымшасын орнатып, Kaspi Bank қосымшасында сақтандырылған мәртебесін тексеруге болады. Авторизациядан өткеннен кейін «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне кіріп, ары қарай «МӘМС мәртебесін» таңдау керек.
Алдағы 12 айға жасалған төлемдер мен мәртебені ЦентрКредитБанкінің қосымшасы арқылы да білуге болады. BCC.KZ мобильді қосымшасын орнатқаннан кейін, авторизациядан өтіп, «Мемлекеттік қызметтер» бөлімін таңдап, ізінше «МӘМС туралы ақпарат» бөлімшесінде ЖСН жазу қажет.
Соңғы 12 ай ішінде төленбеген кезеңдер болса, оларды банк қосымшаларында төлеуге болады. Төлемдер тексерілгеннен кейін «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі.