Елордалық жауынгерлер челлендж өткізді

5 Қаңтар 2024, 21:30
811
Бөлісу:
Елордалық жауынгерлер челлендж өткізді
Фото: Қорғаныс министрлігі

Елордадағы әскери бөлімнің жауынгерлері даңқты батырларды еске алуға арналған челлендж өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарулы күштері Құрлық әскерлеріне қарасты 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ақтау гарнизонының теңіз жаяу әскері бастаған «Тәні саудың – жаны сау» челленджін жалғастырды.

Әскери қызметшілер бұл шараны Кеңес Одағының Батыры, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орайластырды.

Елордалық жауынгерлер челлендж өткізді

Биылғы жыл Ұлы Отан соғысының батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойы. Сондықтан Ақтаудағы теңіз жаяу әскері бастаған челленджді қазақтың даңқты батырларына арнадық. Әскери қызметшілер бұл жорықта толық жауынгерлік жабдықпен жүгірді. Әр жауынгердің жарағы шамамен 20 келідей. Бұл тапсырманы күрделендіре түскенмен, олар алға қойған мақсатты абыроймен орындады, – деді 68665 әскери бөлімінің командирі подполковник Абай Әлібеков.

Елордалық жауынгерлер челлендж өткізді

Әскери қызметшілер легін бригада командирі мен орынбасарлары бастады. 24 шақырым қашықтыққа жүгіру әскери бөлім аумағында өтті. Роталардың бірі шаңғымен жүгірді. Шараға барлығы 500-ге жуық әскери қызметші қатысты.

Күнделікті жаттығулар қашықтықты еңсеруге көмектесті. Взвод құрамында жүгірдік, бұл бізге жұмыла мәреге жетуге күш берді. Қашықтықты еңсеріп, межелі жерге жеткенде шаршағанымызды да ұмыттық, – деді 2023 жылдың қазан айында Алматы қаласынан шақырылған қатардағы жауынгер Бөріхан Мәліков.

Елордалық 68665 әскери бөлімінің әскерилері аталған челленджді Тараз гарнизонының механикаландырылған бригадасына жолдады.

Өзгелердің жаңалығы