Елордалық жас ғалым Бауыржан Әнапия күйік шалғанда емдейтін ерекше таңғышты таныстырып, марапатқа ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Орта Азия бойынша ауқымды онкологиялық апта өтіп жатыр. Халықаралық форумға 9 елдің білікті мамандары қатысуда. Онкология дерті кейінгі екі жылда әсіресе жастар арасында көбейген. Елімізде 205 мың адам аты жаман аурумен тіркеуде тұр. Атап айтқанда, әйелдердің сүт безі қатерлі ісігі көш бастаған. Одан кейінгі орында өкпе қатерлі ісі мен асқазанның қатерлі ісігі бар. Саладағы проблемаларға орай қазақстандық жас ғалымдар да өз үлестерін қосуда. Солардың бірі жас ғалым – Бауыржан Әнапия 1-орын алды. Ол ірі қара малдың ішпердесін реконструктивті хирургия кезінде қолдану әдісін ұсынды. Осылайша, форум аясында жас ғалымдар секциясында осы еңбегі үшін жеңімпаз деп танылды, - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығының бас онкохирургиялық кеңесшісі Тасболат Әділханов.
Жеңімпаз атанған ғалымның айтуынша, ерекше таңғыш идеясы марқұм ұстазына тиесілі екен.
Идеяның авторы – ұстазым марқұм дәрігер-комбустиолог Қабылбек Әбуғалиев. Бұл зерттеу жұмысы 2011 жылдары басталған. Ірі қара малдың ішпердесінен тиімді таңғыш жасадық. Жануардың жасушасын алудың оңтайлы технологиясын таптық. Сиырдың париеталды қабырға көкетінің шандырынан жасалған таңғыш материал әсіресе онкологиялық ісік, күйік шалған, қант диаетімен ауыратын науқастарға таптырмас көмекші. Терең және ұзақ уақыт емдеуді қажет ететін жараларға салынады. Коллаген мен эластиннің табиғи талшықтары әрі адам терісіне ұқсас биомеханикалық қасиетке ие, - деп түсіндірді Ұлттық ғылыми онкология орталығының реконструктивті хирург дәрігері Бауыржан Әнапия.
Биологиялық жабыны медициналық құрал ретінде сынақтан сәтті өткен. Сондай-ақ Қазақстан мен ЕАЭО елдерінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, клиникалық тәжірибеге енгізілген соң кең қолданысқа шығуы мүмкін.
Қазіргі уақытта оны Қазақстанда тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Астанада Орталық Азия онкологтарының апталығы өтіп жатыр.