Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасаған күдіктіні ұстады деп, хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қаскүнем Есенберлин көшесінде болып, құны 3 млн. теңге тұратын құрал-жабдықты жасырын ұрлаған. Анықталғандай, күдікті бұған дейін автокөліктерді жөндеуге арналған техникалық қызмет көрсету станциясын бақылап жүрген. Осыны пайдаланған күдікті аумаққа заңсыз кіріп, есіктерді бұзу арқылы компрессорды, газель дөңгелегін, дәнекерлеу машинасын, соруға арналған лебедканы ұрлап кеткен. Заттай дәлелдемелер алынды.
Полицейлер оның басқа қылмысқа қатысы барын анықтады. Күдікті Біржан сал көшесіндегі қонақүйде әкімшінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүріп, жұмыс орнында электронды таразы мен электр құралдарын ұрлаған.
Полиция қызметкерлері ұстаған 40 жастағы ер адам бұрын сотты болған,ол өз кінәсін мойындады. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оның елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті тауарлық-материалдық құндылықтардың ұрлануын болдырмау үшін нысандарды күзету бойынша шаралар қабылдауды, оларды бейнебақылау камераларымен және басқа да күзет құралдарымен жабдықтауды ұсынады.