Елордалық параспортшылар алғаш рет халықаралық чемпионатқа аттанды

13 Қараша 2024, 03:35
198
Бөлісу:
Елордалық параспортшылар алғаш рет халықаралық чемпионатқа аттанды
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты

Астанадағы "Ерекше мүмкіндіктер орталығында" Швейцарияда өтетін халықаралық чемпионатқа зағип спортшыларды шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Бұл іс-шараны "Шоудаун Зағип жандар үстел теннис федерациясы" республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Қазақстан тарихында алғаш рет көз жанарынан айрылған спортшылар қарашаның 13-18 аралығында Цюрих (Швейцария) қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Айтулы додада еліміздің 16 өңірінен 62 спортшы ел намысын қорғамақ. Олардың қатарында Астана қаласының үш спортшысы бар – команда капитаны Керім Бексырға, Влада Бартусевич және Айдар Саташев.

Бұл спортшылар биыл Астанада өткен шоудаун үстел теннисінен Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-2 орынға ие болды. Соның нәтижесінде іріктеліп, халықаралық чемпионатқа жолдама алды. Спортшылардың бәрінде бірінші топ мүгедектігі бар. Біз енді бірінші рет барып жатқандықтан, тәжірибе жинақтап, сол жақтың жарысын көргіміз келеді. Әрине, басты мақсатымыз – жүлделі орындарға ие болып, ел намысын абыроймен қорғау, – деді шоудаун үстел теннисінен бас бапкер Азамат Баймағанбетов.

Айта кетейік, шоудаун үстел теннис федерациясы зағип жандарға арналған спортты елімізде дамытуда.

Федерацияның құрылғанына 3 жыл толып, республика бойынша 200-ден астам спортшыны біріктіріп отыр. Оның ішінде 70-ке жуығы – Астана қаласының спортшылары.

Өзгелердің жаңалығы