Елордалық хирургтер бірегей оталар жасады

18 Мамыр 2022, 20:43
1683
Бөлісу:
Елордалық хирургтер бірегей оталар жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық балалар ауруханасында Түркияның жетекші маманы Бурак Тандердің қатысуымен балалар хирургиясы бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Шара Нұр-Сұлтан қаласының №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында өткізілді. Сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі мамандар үшін шеберлік сыныбының онлайн көрсетілімі ұйымдастырылды.

Алғашқы күндері шетелдік маман отандық әріптестерімен бірге асқазан-ішек жолдарының патологиясы бар Қазақстанның әр жерінен келген балаларды тексерді. Бірнеше кішкентай пациентке ота жасалды.

Отадан кейін біз қазақстандық әріптестермен бірлесіп, хирургиялық араласудың әрбір кезеңін егжей-тегжейлі талқыладық. Мұндай ынтымақтастық олардың кәсіби өсуіне өте қолайлы. Бәріміз бір-бірімізден бірнәрсе үйренеміз. Оталардың сәтті өткеніне қуаныштымын, – деді түркиялық хирург Бурак Тандер.

Барлық балаларға аз инвазивті әдістерді қолдану, яғни минималды тіліктер мен тігістер жасау арқылы ота жасалды. Кейбір ота тәсілдері біздің еліміздегі балалар хирургтерының тәжірибесінде алғаш рет қолданылды. Шеберлік сыныбы аясында барлығы 5 ота жасалды, оның ішінде асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары бар балалар да бар.

Бұдан басқа, қатысушылар асқазан-ішек жолдарының туа біткен ақаулары (Гиршпрунг ауруы), аноректальды даму ақаулары, гепатобилиарлық хирургия, өкпенің туа біткен ақаулары бойынша оқыту дәрістеріне қатысты.

Дүние бір орында тұрмайды және дәрігерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыру – өзге салалар секілді біліктілікті растаудың және жетілдірудің міндетті құралы. Мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың қолдауының арқасында бүгінде біз шет елдерге оқуға барып қана қоймай, Қазақстанға шетелдік әріптестерімізді де шақыруға мүмкіндігіміз бар. Шеберлік класының үш күні ішінде мамандарымыз жаңа білім мен практикалық дағдыларды меңгергеніне және осы білімді олар кейіннен балаларды емдеуде қолданатындығына сенімдімін, – деді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы директоры Гүлнәр Құлышева.

Балалардың ата-аналары эмоцияларын жасыра алмады. 15 жастағы науқастың анасы Наразгүл Масағұтова Қазақстан мен Түркияның жетекші хирургтері өткізетін шеберлік класы туралы әлеуметтік желілерде оқығанын айтты. Содан кейін жергілікті емханадан жолдама алып, баламен бірге астаналық клиникаға кеңес алуға келді.

Менің балама осындай кәсіби мамандар ота жасағанына өте қуаныштымын. Осы балалар ауруханасына, барлық дәрігерлерге, мемлекетімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді. Баршаңызға сәттілік пен денсаулық тілеймін, – деп дәрігерлерге алғыс айтты.

Бірінші күні ауыр сырқаты бар екі балаға ота жасалды. Бірінші балаға аз инвазиялы ота – түрік хирургінің өзіндік әдістемесі бойынша лапароскопиялық холецистэктомия жасалды. Бұл балаға қалпына келу жағынан да, эстетикалық жағынан да жағымды әсер етеді. Екінші жағдайда лапароскопиялық эхинококкэктомия, яғни тесік арқылы эхинококкэтомия отасы жасалды. Ыстанбұлдан келген әріптес осы отаны жүргізудегі өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл әдіске қазақстандық балалар хирургтері зор ықылас білдірді, – дейді №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының хирургиялық блок жетекшісі Ринат Байгиреев.

Аурухана басшылығы өз кезегінде дәрігерлердің біліктілігін арттыру практикасын жалғастыруға ниетті екенін атап өтті. 2022 жылдың соңына дейін урология, ортопедия, нейрохирургия, комбустиология және басқа да бейіндер бойынша бірқатар шеберлік кластарын өткізу жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы