Елордалық дәрігерлер үш пациентке өте сирек кездесетін ерекше ота жасады

28 Шілде 2023, 18:50
1881
Бөлісу:
Елордалық дәрігерлер үш пациентке өте сирек кездесетін ерекше ота жасады
PHOTO
Фото: МӘМС

Астаналық дәрігерлер үш пациентке өте сирек кездесетін ерекше ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ астаналық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Сәбит Ахметов пен ӘМСҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов елордадағы бірқатар медицина ұйымдарында – №9, №10 қалалық емханаларда және «SITY» емханасы» ЖШС болып, олардың жұмыстарымен танысты.

City клиникасында МӘМС бойынша оталарды 2023 жылғы 16 мамырдан бастап жасай бастадық, осы уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін МӘМС жүйесі бойынша аяқтың артериялық қан ағымын қалпына келтіру бойынша 10 ота жасадық, - деп түсіндірді тәулік бойғы стационар және оперблок меңгерушісі Ғалия Сарқытқызы Әбежанова.

МӘМС жүйесі бойынша елордадағы CITY емханасы жағдайында тегін ем алған алғашқы пациент ұзақ уақыттан бері атеросклероздан зардап шегетін 82 жастағы ер адам болды – аяғының тамырлары толығымен бітеліп, соның салдарынан аяғында қатты төзімсіз ауырсыну тудыратын трофикалық жаралар пайда болған. Ауырсыну тоқтамайды, тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де әсер етпей қалған. 

Ашық жара – әдетте созылмалы қабыну көрінісі, оған кез келген уақытта инфекция түсіп, адамның бүкіл ағзасына кері әсер етеді, сау ағзалардың жұмысын бұзуы мүмкін. Мұндай ауруларды емдеудің түрлі әдістері бар, бірақ, өкінішке орай, аяқты сақтап қалу мүмкін бола бермейді, науқастың жағдайында тіпті күрделі. Қосалқы сырқаттары бар егде жастағы адамға көп ота жасау тәуекелді қажет етеді. Көбінесе, осындай шектен тыс тәуекелдерді ескере отырып, пациенттерге ота жасаудан бас тарту ұсынылуы мүмкін.

Қарт жасына, аурудың асқынып кеткендігіне, науқастың қосалқы патологияларына қарамастан, дәрігерлер жергілікті анестезия арқылы ота жасауға шешім қабылдады. Тіндерді мейлінше жарақаттамай, шағын тіліктер арқылы дәрігерлер аяқ тамырларынан қан жүруін қалпына келтірді, нәтижесінде қысқа уақыт ішінде трофикалық жаралар толық жазылды, осылайша науқастың аяғын кесуден (ампутация) сақтап қалды, мүгедектікке жеткізбеді. Отадан кейін пациенттер ұзақ мерзімді оңалтуды қажет етпейді және өздігінен қозғала алады, бұл пациенттің өмір сүру сапасын едәуір жақсартады.

Елордалық дәрігерлер үш пациентке өте сирек кездесетін ерекше ота жасады

Әкемнің ауырғанына 20 жылдан асты. Бұрын дәрігерлер көптеген дәрі-дәрмектер тағайындайтын, солардың арқасында ауырсынуды басуға болатын. Бірақ соңғы бірнеше жылда дәрілер әсер етпейтін болды, ауырсыну басылмай, әкем ұйқыдан қалды. Бірнеше тексерулер мен консультациялардан кейін біз осы емханаға бардық. КТ зерттеуін жүргізу кезінде ангиохирург Айдар Парманов әкемнің аурудан зардап шегуінің себебі неде екенін көрсетіп, түсіндірді. Бұл кезде аяғы қарайып кеткен еді, дәрігер бізде енді уақыт жоқ, аяқты құтқару керек деді. Себебі, егер ота жасалмаса, ауру өршіп кетуі мүмкін, науқастың өмірін сақтап қалу қажет болады. Біз әкемнің аяғын сақтап қалуға үміт бар екеніне қуанып, дереу қан талдауларын тапсырып, тексерулерден өтіп, хирургиялық емдеуге дайындала бастадық. Ауруханаға жатқызғаннан кейін дәрігерлер әкемізге МӘМС бойынша тегін операция жасады. Қазір әкеміз өзін жақсы сезінеді және бірнеше жылдардан соң түнде тыныш ұйықтайды, - деп пациенттің балалары өз алғыстарын білдірді.

Мұндай ота қан тамырлары тәжірибесінде өте сирек жасалады. Бұл өз кезегінде елордада қан тамырлары хирургиясы әдістерінің одан әрі дамуына, қазіргі заманғы әлемдік деңгейде хирургиялық көмектің прогрессивті әдістерін игеруге және енгізуге сенімділік береді.

Сондай-ақ,   ангиохирург-дәрігер 76 және 85 жастағы науқастарға да осыған ұқсас ота жасады. Бұл оталар да Медициналық сақтандыру қоры есебінен жүргізілді.

Егер жасалған оталар техникасы туралы айтатын болсақ, бұл оталар жергілікті анестезия арқылы жасалды. Операцияның мәні: пациенттің қан ағымын қалпына келтіру үшін оның өз күретамыры қолданылады, ол дайындалғаннан кейін артерияларға тігіледі, нәтижесінде күретамыр шунт қызметін атқарады, содан кейін ол артерияланады және қоршаған тіндер мен ағзаларды қанмен қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда күретамырды толығымен оқшаулаудың қажеті жоқ, өйткені бұл отаның классикалық түрінде жасалады, болашақ күретамырлық шунттың зақымдануына жол бермейді. Сондай-ақ әрқашан күретамырлық шунттың ұзындығы жеткіліксіз болу қаупі бар, бірақ аталған әдіс кезінде алаңдамауға болады, себебі күретамырды кез келген деңгейде артерияға жақындатып тігуге болады. Бұл пациенттің өз тамырлары болғандықтан, шунттың қайта бітелу немесе тромбоз болу қаупі аз, - дейді ангиохирург Айдар Парманов.

Операциядан кейінгі кезеңде барлық пациенттерге КТ бақылау зерттеуі жүргізіледі, онда шунттың өткізгіштігі мен жұмысы бағаланады. Барлық науқастар үйге шығарылды. Қазіргі күні трофикалық жаралары жазылған пациенттер өз аяқтарымен жүре алады.

Өзгелердің жаңалығы