Елордалық оқушылар киберспорттан Қазақстан чемпионы атанды

13 Қаңтар 2021, 20:41
2281
Бөлісу:
Елордалық оқушылар киберспорттан Қазақстан чемпионы атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. NIS IB «PRESTIGE ESPORTS» киберспорт командасы NIS мектептері арасындағы CS:GO (Counter-Strike: Global Offensive) сайысы бойынша Қазақстан чемпионы атанды.

2020 жылдың 25 желтоқсанында басталған турнирдің финалдық кездесуінде «PRESTIGE ESPORTS» командасы елордалық физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің («Baby bomba») ұлттық құрама командасын 3:2 есебімен жеңді. Сайысқа қатысушы командалардың саны 30-ға жетті. Жарыс соңында 152 000 теңгені құрайтын жалпы жүлде қорының 30%-ы «Asar ume» қайырымдылық қорына жұмсалды. Сайыстағы 3 жүлдені Нұр-Сұлтан қаласының командалары ұтып алды.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектептің құрамын анықтау мақсатында қараша айында мектепішілік турнир өткізілген болатын. Оның қорытындысы бойынша «PRESTIGE ESPORTS» командасы бірде-бір ұтылыссыз айқын жеңіске жетті. Чемпиондық құрам: Танемир «devine» Марат (11Е), Андрей «OverMars» Шишов (11D), Баубек «bau4A» Мұратұлы (11Е), Альнур «Mozzie» Буканов (9B), Дармен «Darvel» Аусарбеков (9B) және Райымбек «Rembo» Бекбосунов (9D) сынды ойыншылардан тұрады, - делінген НЗМ баспасөз қызметінің ақпаратында.

Киберспорт – компьютер ойындары арқылы өткізілетін топтық жарыс түрі. Аталмыш жарыс тарихы 1997 жылы CPL (The Cyberathlete Professional League) компьютерлік ойындарға арналған кәсіби лиганың  құрылуынан және де олардың Quake атты компьютер ойыны бойынша турнир өткізуінен бастау алады. Киберспорт дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан «спорт» ретінде саналады. 1997 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін турнирлер әр жыл сайын Dota2, Counter-strike, Warcraft III, League of Legends, Call of Duty және Starcraft атты компьютер ойындарынан өткізіліп келеді. 

Бір қарағанда баланың ермегі іспетті көрінетін компьютерлік ойындардың әлемде нағыз технологиялық және экономикалық трендке айналуы бұл саланың бүгінгі таңда аяқ алысы жаман емес екендігін көрсетеді.

2018 жылдың 25 маусымында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі компьютерлік спортты ресми түрде «спорт» деп танып, Qazaq Cybersport Federation атты киберспорт федерациясы өз жұмысын бастап кеткенін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы