Астана, baq.kz. Елорда тұрғындары бір жарым жыл ішінде 17 млрд теңгеге жуық жарна аударды.
Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта елордалық жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін 16,78 млрд теңге жарна аударды. Бұл республика бойынша аударылған жарналар мен аударымдардың жалпы сомасының (133 млрд теңге) 12,62 %-ын құрайды. Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Астана медициналық сақтандыру жарналары – аударымдары бойынша Алматы қаласынан (21,10%) кейін екінші орында, үшінші орында – Қарағанды облысы (8,20%).
Аударымдардың негізгі бөлігі жұмыс берушілерге тиесілі - 11 млрд теңгеден астам қаражат, 6 млрд теңгеге жуық қаражат – жеке кәсіпкерлердің жарналары.
Естеріңізге саламыз, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. 2020 жылдан бастап бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.
Медициналық сақтандыру жүйесі – медициналық қызмет сапасының және оның қолжетімділігінің кепілі. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу халықтың медициналық қызметке деген күннен күнге өсіп келе жатқан сұранысын қанағаттандырады деп күтілуде.