Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нидерландының шығысындағы Кёйк қаласында арбада отырып би билеуден халықаралық лицензиялық турнир аяқталды. Бұл туралы елордалық әкімдіктің ресми сайтында хабарланды.
Жарыс 19-21 сәуір аралығында өткізілді. Оған әлемнің 15 мемлекетінен 85 биші қатысты. Дүбірлі додада ел намысын Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалаларының және Қарағанды облысының спортшылары қорғады.
Елордалық мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектеп өкілдері турнирде 7 медальды еншіледі. Олардың үшеуі – күміс, төртеуі – қола жүлде.
Жарыс қорытындысы бойынша отандық спортшылар биыл күзде Германияның Бонн қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
Бишілерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлия Түсүпбекова дайындады.