Елордалық полицейлер есірткі саудасына қатысты 73 қылмыстық іс қозғады

27 Ақпан 2020, 21:01
1435
Бөлісу:
Елордалық полицейлер есірткі саудасына қатысты 73 қылмыстық іс қозғады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, соңғы уақытта есірткінің дәстүрлі түрлерімен қатар синтетикалық есірткілер мен олардың аналогтары кеңінен таралып келеді.

Атап айтқанда, өткен жылдың шілде айынан осы уақытқа дейін синтетикалық есірткі заттармен байланысты 73 қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

2019 жылы қала аумағында 180 кг жуық есірткі тәркіленді, оның ішінде 3 кг астам героин және 2,5 кг жуық синтетикалық есірткі бар. Ағымдағы жылы полиция қызметкерлері 19 кг жуық есірткі заттарын тәркіледі, оның ішінде 18,5 кг синтетикалық есірткі болып табылады. 

Сондай-ақ елордада есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен прекурсорларды заңсыз жарнамалау фактілері анықталды. Одан бөлек, соңғы уақытта интернет арқылы синтетикалық есірткінің таралу қаупі айтарлықтай өсті. 

Үгіттеушілер есірткі саудасын заңды табыс табу жолы деп таныстырып жасөспірімдерге жұмыс ұсынған. 

Мысалы, өткен жылы азаматтардың көмегімен елордалық полицейлер 120 интернет-сайттан есірткі жарнамасына қатысты 400-ге жуық граффити-суреттерді анықтап алып тастады. 

Синтетикалық есірткі ұсынатын интернет-ресурстарды жарнамалаумен айналысатын 10 адам жауапкершілікке тартылды. Айта кетсек, интернет-технологияларды пайдалану арқылы жасалған есірткі қылмыстары үшін азамат 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. 

Есірткі және психотроптық заттарды сақтау немесе сату фактілері бойынша азаматтар Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жасырын сенім телефондарына хабарласа алады.


Өзгелердің жаңалығы