Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордалық полицейлер 26-28 тамыз аралығында «Құқықтық -тәртіп» жедел алдын-алу іс-шарасын жүргізуде.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, іс-шара құқық бұзушылықтың алдын-алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көшелерде және елорданың басқа да қоғамдық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті сақтау мақсатында өткізіледі.
«Профилактикалық іс-шараның 1 күндік қорытындысы бойынша елорда полицейлерімен 40-қа жуық қылмыс ашылып, іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталып, 1100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 270-тен астамы алкоголь ішімдіктерін ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін, сонымен қатар ұсақ бұзақылықтың 77 фактісі мен Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұруы бойынша 340-тан астам құқық бұзушылық анықталды»,-делінген хабарламада.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасын жүргізу аясында патрульдік полиция Полкінің қызметкерлерімен «ізін суытпай» бұрын сотты болған Ақмола облысының тұрғыны ұсталды. Анықталғандай, күдікті «Toyota» автокөлігінен еркін қол жеткізу арқылы жеке мүлікті ұрлауға әрекет жасаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Егер Сіз қоғамдық орындарда қылмыс немесе құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша куәгер болсаңыз немесе олар бойынша қандай да бір ақпаратты немесе маңызды мәліметтерді білсеңіз, Бейбітшілік көшесі, 19 мекен-жайы бойынша Нұр-сұлтан қ. Полиция департаментіне немесе 102 нөміріне қоңырау шалуыңызды сұраймыз»,- делінген таратылған ақпаратта.