Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада балабақшалардағы тамақ сапасына мониторинг жасайтын топ құрылады. Топқа «Адалдық алаңы» жобасы мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері, танымал блогерлер мен қоғам белсенділері тартылады, деп хабарлады 24.kz.
Қалалық білім басқармасы бұл шараға ата-аналарды да қатысуға шақырады. Топқа мүше болу үшін осы мекеменің сайтында өтініш қалдыру керек. Сонымен қатар, талап бойынша мектеп жасына дейінгі баласы мен санитарлық кітапшасы болуы міндетті. Өтініш қабылдау басталды. Осы аптаның соңына дейін оған қатысушылардың тізімі жасалады. Ал, келесі жетіден бастап мектепке дейінгі мекемелердің асханаларындағы тамақ сапасын тексеру басталады.
«Өткен жылға қарағанда шағымдар саны 35 пайызға азайды. Осы жұмысты біз жалғастырамыз. Қалалық мониторинг тобын мектепке дейінгі ұйымдарда тамақтандыру сапасын қадағалау мақсатында кеңейтіп отырмыз. Белсенді ата-аналарды осы жұмысқа атсалысуға шақырамыз», - деді қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.