Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алғаш рет "Астана Опера" сахнасында "Санктъ-Петербургъ Опера" Мемлекеттік Камералық музыкалық театрының гастролі өтеді.
9 қараша күні ұжым Ресейдің Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ю.И.Александровтың жетекшілігімен Дж.Вердидің "Риголетто" операсын, ал 10 қарашада Ж.Бизенің "Інжу іздеушілер" спектаклін ұсынады.Қоюшы режиссер Юрий Александров елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әдеттен тыс әрі батыл түрде жүзеге асқан опералық сюжеттері бар, көздің жауын алатын сән-салтанатты костюмдерімен, керемет актерлік ойыны мен музыкалық орындаушылығы тамаша үйлескен спектакльдерді ұсынады.
"Қазақстанға деген ықыласым, қарым-қатынасым ерекше, себебі ұлттық опера өнерінің дамуына орасан зор күш-жігерімді салдым. Қазақстандық опера театрларының ашылуына тікелей атсалысып, түрлі сахналарда, соның ішінде елдің бас театры – "Астана Операны" қоса алғанда, шамамен 13 қойылымды жүзеге асырдым. Сіздердің көрермендеріңіз мен үшін аса қымбат, сондықтан олардың көңілдерін қалдырғым келмейді. Менің ұжымым өзін лайықты деңгейде абыроймен көрсетеді деп үміттенемін", - деп бөлісті Юрий Александров.
Дж.Вердидің "Риголетто" операсының қойылымында танымал ресейлік режиссер басты екпінді өмір шындығын ашатын бетперделерге негіздеген. Дж.Верди спектакльдің сюжетін оның музыкасына салынған оқиғалар желісі ішіндегі ең үздігі деп санаған. Жанр тарихында алғаш рет ұлы композитор қаламынан шыққан атақты операларының бірінің кейіпкері бүкір шал болды – ол сарай маңындағы сайқымазақ, барша әлемге ашулы екі жүзді жан. Ол арқасында бүкірі жоқтың бәрінен аяусыз кек алуда. Режиссер елордалық жұртшылыққа психологиялық драманың жаңа нұсқасын ұсынбақ, оған сәйкес сарай сайқымазағы ешқандай бүкір емес, қыршаңқы, ақылды, зұлым әрі тіпті де кәрі адам емес.
Бүкірлігі мен бетпердесі – оның герцог сарайында киетін мазақы кескіні ғана. Алайда жан жауыздығын жасыру мүмкін емес, оны бетперде тәрізді алып тастай алмайсың. Үнемі қорлыққа шыдап жүруге мәжбүр болған біртума адам, қастық жасағаннан жаны ләззат алып, төресі мен оның маңайындағылардың арам істеріне қуана атсалысады. Риголеттоны қатыгездігі үшін тағдыр қатаң жазалайды, ол туған қызы Джильданың жан алғышына айналады.
"Санктъ-Петербургъ Опера" атауы бойынша камералық музыкалық театр болуына әрі оның сахнасы соншалық үлкен болмауына қарамастан, біз шағын шығармалармен шектелмейміз. Бізді бірегей ұжым деп атауға бір себеп осы. "Риголетто" – қай жағынан алып қарасақ та нағыз үлкен спектакль. Ол Санкт-Петерборда Эрмитаж театрының сахнасында өтеді және біз "Риголеттоны" үлкен алаңда көрсетуге мүмкіндік туа қалса, оны гастрольдерімізде міндетті түрде қосамыз. Сондықтан Нұр-Сұлтан сахнасы бұл қойылым үшін таптырмас алаң", - деді режиссер.
Э.Кормон мен М.Карренің либреттосына Ж.Бизенің "Інжу іздеушілер" операсы таңғажайып әуендерінің молдығымен, драмалық мәнерлігімен баурап алады. Бұл "Санктъ-Петербургъ Опера" театрының Жорж Бизенің шығармашылық әлеміне жасаған алғашқы қадамы. Оқиға экзотикалық Цейлон аралында өрбиді, шығармаға арқау болған – махаббат үштігі: балықшы Зурга мен аңшы Надир Брахманың абызы Лейлаға ғашық. "Інжу іздеушілер" – XIX ғасырдың ортасындағы француз астанасының бас театры – париждік Лирик театрының жас композиторға тапсырыс берген бірінші операсы. Ж.Бизе операны үлкен қарқынмен шығарып, бар-жоғы бірнеше айда жазған болатын. Г.Берлиоздың пікірінше, операның партитурасы "жалын мен бай нақышқа толы көптеген мәнерлі де бейнелі сәттерден құралған".
"Інжу іздеушілер" – ересектерге арналған махаббат, ерлік пен өзін-өзі құрбан ету орын алатын көркем ертегі. Жиырма бірінші ғасыр адамдары үшін осындай оқиғалар Ресейге де, Қазақстанға да қажет деп ойлаймын. Спектакліміздің трагедиямен аяқталатынына қарамастан, өте әсерлі әрі жалынды болып шыққан (біздің нұсқа түпнұсқалық либреттодан ерекшеленеді), қай елге апарсақ та, көрермен спектакльді үлкен қошеметпен қабылдап, залдан өте жайдарлы көңіл-күйде шығады", - деп қорытындылады Ю.Александров.
Спектакльдер қоюшы дирижер Максим Вальковтың жетекшілігімен өтеді.