Елордаға газ қашан келетіні айтылды

28 Тамыз 2019, 13:06
1768
Бөлісу:
Елордаға газ қашан келетіні айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Сарыарқа" магистральды газ құбырының құрылысы жыл соңына дейін толығымен аяқталады.

Энергетика министрлігінде өткен жиында "Сарыарқа" газ құбырының барлық объектісінің құрылысы биылғы желтоқсанда аяқталатыны жайлы айтылды.

"Сарыарқа" газ құбырының құрылысы бойынша негізгі жұмыстардың барлығы кестеге сәйкес орындалып жатыр. Магистральды газ құбырының құрылысын уақытында аяқтау үшін осы айда қосымша жұмыс күштері тартылды. Сынақ жұмыстары да сәтті өтті", - деді Энергетика министрлігінің Газ және мұнайгазхимия департаментінің директоры Зияш Қияқбаев.

Маманның айтуынша, кейбір жұмыс бойынша аздап артта қалушылық бар.

"Дегенмен, бұған қарамастан біз биылғы желтоқсанда магистральды газ құбыры құрылысын толығымен аяқтаймыз. Нұр-Сұлтан қаласына да газ бекітілген мерзімде, яғни жыл соңына дейін келеді", - деп сендірді Зияш Қияқбаев.

Оның мәліметінше, кез келген елді мекен жүйеге кезең-кезеңмен қосылады. Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, мектеп, аурухана, балабақша және тағы басқалары қосылады.

Атап өтсек, "Сарыарқа" газ құбыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салынып жатыр. "Сарыарқа" жобасы Қазақстан астанасы мен еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы