Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Еуразия ұлттық университетінің 20 отбасылы қызметкеріне Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан ипотекалық компаниясының екіжақты келісімі негізінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында пәтер кілттері табысталды.
Жаңа қоныстанушыларға бұл сыйлықты Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов өз қолымен табыстады. «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде пәтер кілтін 150 отбасына, оның ішінде 35 шаңырақ Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері алып отыр.
Барша пәтер иелері үшін өте қуныштымын. Бұл біздің жастарымыз бен көпбалалы отбасыларға қолдау ретінде ұйымдастырылған шара. Біздің университет мұнымен тоқтап қалмайды. Мамыр айында білім ордамыздың 25 жылдығын тойлауға дайындық үстіндеміз. Мерейтойға орай 7 мың шаршы метрлік спорт кешенін салуды аяқтадық. Алда өтетін шарамыз пандемияның ахуалына байланысты ұйымдастырылады, – дейді Ерлан Сыдықов.
Шара барысында университет ректоры Ерлан Сыдықов 15-ке жуық қызметкерге пәтер кілттін табыс етті. Қосымша сыйлық ретінде Лев Гумилевтің Энциклопедия кітабы берілді.
Пәтер иесі атанған «Ғимараттар мен құрылыстарды жобалау» кафедрасының доценті Лаура Өтепбергенова өз қуанышымен бөлісті.
Әр адамның еңбегі ақталады. Ең алдымен әр адам әрекет етіп, еңбекқор болуы қажет деп білемін. Бұл бағдарламаны ұйымдастырып, мәресіне жеткізген Үкіметке, сондай-ақ Білім министрлігіне өз алғысымды айтамын, – деді ол.
Аталған бағдарлама аясында тұрғын үй алу кезегінде университеттің тағы 15 қызметкері тұр. Пәтер алуға өтінім қабылдау 2019 жылдың 5 мамырында басталған болатын.
Университетте професссор-оқытушылар мен қызметкерлерден түскен жалпы 600-ге жуық өтінім қаралып, бүгінде 270-ге жуық қызметкер өз кезегін күтуде.
Айта кетейік, тұрғын үйге кезекті Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан ипотекалық компаниясы бекіткен талаптар бойынша университеттің «Тұрғын үй» комиссиясы жинақтады.
Олжас АДАЙ