Елордадағы қай аудандар газбен қамтылған?

17 Мамыр 2023, 12:05
465
Бөлісу:
Елордадағы қай аудандар газбен қамтылған?
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордадағы қай аудандардың газбен қамтылғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Астана қаласы Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов қалалық Коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, елорданы газдандыру үш кезеңнен тұрады.

Бізде бірінші кезеңі және екінші кезеңнің бір бөлігі 2021 жылдың соңында толығымен аяқталған болатын. Қаламызда жалпы жеке сектордағы тұрғын үй алаптарында 20 мың үй бар. Соның ішінде газға қосу мүмкіндігіне 12 мың тұрғын үй қол жеткізіп отыр. Оның ішінде 8,5 мың абонент қосылған, - деп атап өтті бөлім басшысы.

Сонымен қатар қаланы газдандырудағы басты мақсатты атады.

Астананы газдандырудағы басты мақсат – қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту, атмосфераға, әсіресе, жеке секторда көмірді пайдаланудан түсетін зиянды қалдықтарды азайту. Күннен-күнге газға қосылған абоненттер саны артып келеді, - деді Мақсат Есмағұлов.

Айта кететін жайт, Астанадағы «Көктал-1», «Көктал-2», «Агрогородок», «Промышленный», Оңтүстік-шығыс тұрғын алабының оң және сол жақ бөлігі, «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный» тұрғын алаптары, Мәскеу және Потанин көшесі, «Нұрбесік», «Ақбидай» және «Қазақ ауыл» шағын аудандары түгелімен газ желілерімен қамтылған.

Өзгелердің жаңалығы