Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицияның «102» арнасына сағат 11.32-де «Астана Garden School» жекеменшік мектебінің электрондық поштасына жарылғыш зат салынғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Барлық шұғыл қызмет дереу оқиға орнына жіберілді. Мектептен 175 адам эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар табылған жоқ. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті жарылғыш заттың салынғаны туралы жалған хабарлау материалдық шығынды өтей отырып, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.
Өткен жылы қылмыстың осы түрінің 10 фактісі тіркелген. Полиция қызметкерлері барлық кінәлілерді анықтап, ұстады. Барлық факті бойынша ұсталғандар түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Еске салсақ, бүгін Татарстанда қайғылы жағдай болды. 19 жастағы жігіт мектепке қарумен кіріп, оқушыларға оқ жаудырған. Салдарынан 13 адам опат болып, 32 адам зардап шекті.