Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген жұмысшыларды соққыға жығып, пышақпен жарақаттаған.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Оқыс оқиға салдарынан үш жұмысшы түрлі жарақаттармен қалалық ауруханаға жеткізілді.
Түнде «102» нөміріне Алаш тасжолы маңындағы көпірде жаппай төбелес болып жатқаны хабарланды.
Жол жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген бригадаға шабуыл жасалды.
Белгілі болғандай, түнгі сағат 00:40 кезінде «Лексус» маркалы көлік мінген бір топ ер адам жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жерден өтіп кетпек болған. Жұмысшылардың қарсылық білдіргенін көрген олар төбелес шығарып, көлік жүргізушісі мен жолаушылары жұмысшыларға пышақпен жарақаттаған. Оқыс орнына дер кезінде келген полицейлердің арқасында қаскөйлер ұсталды. Оқиға орнын қарау барысында пышақ табылды, - делінген ведомство хабарламасында.
Қазір төбелес шығарған 29 және 20 жастағы ер адамдар Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.