14 ақпанда елордада Көктал шағын ауданында орналасқан №24-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, салтанатты ашылу және кілтті табыстау рәсіміне ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, елордалық ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен салынған жаңа екі қабатты өрт сөндіру бөлімінің жалпы аумағы екі гектарды құрайды. № 24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі радиусы 55 мыңға жуық халық саны бар – "Көктал-1" және "Көктал-2" тұрғын алабы.
Жаңа өрт сөндіру депосында негізгі және арнайы мақсаттағы сегіз бірлік техника бар, бұл автоцистерна, жылдам әрекет ететін автомобиль, биіктігі 32 метр автосаты.
Өрт сөндіру бөлімінің негізгі ғимаратында төрт шығуға арналған бокс, қызметтік кабинеттер, кеңес залы, оқу мұнарасы, спорт және ойын алаңы орналасқан. Сондай-ақ, депо аумағында елордалық гарнизон қызметкерлері үшін 18 қызметтік пәтерге арналған жатақхана қарастырылған.
Өрт сөндіру бөлімімен танысу барысында шақырылған қонақтар, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері бөлімнің формулярына естелік жазба қалдырды.
Бүгінгі күні Астана қаласының өрт қауіпсіздігі 16 бөлімшенің күшімен қамтамасыз етіледі. Өрт сөндіру қызметінің қаруында 200-ден астам өрт сөндіру автотехникасы бар, күн сайын жеке құрамның 250-ге жуық адамы тәуліктік кезекшілікке түседі.