Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордадағы "Жанұя" отбасын қолдау институтында ашық есік күні өтіп жатыр, деп хабарлады Елорда Инфо.
Орталыққа түрлі мәселе бойынша сұрақтарына жауап алуға келген тұрғындарды Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен оның орынбасарлары, аудан әкімдері, сондай-ақ басқарма басшылары қабылдауда.Заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін бұл мекеме 2019 жылғы 26 тамызда ашылған болатын. Сол күннен бері мұнда 10 594 адам 23 224 мәселе бойынша көмекке жүгінген. Оның ішінде 17 493 мәселе бойынша жүйелік кеңес берілсе, 5 729 мәселе бойынша арнайы шаралар қарастырылған.
"Жанұя" орталығының директоры Әйгерім Тәңірбергенованың айтуынша, азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік мәселеге қатысты сұрақтармен келеді.
Осы күнге дейін біздің көмегімізге жүгінгендердің 60 пайызға жуығы, яғни 13 793 адам атаулы әлеуметтік көмекке қатысты мәселемен келді. Бұдан кейінгі орында азаматтарды баспана мәселесі алаңдатады: бұл тақырыпқа қатысты сауалмен 2 024 адам жүгінді. Сондай-ақ ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы мәселесі бойынша – 498 адам, несие қарызын кешіру мәселесі бойынша – 553 адам, құқықтық көмек бойынша – 920 адам, жиынтық табысты есептеу жөніндегі анықтама мәселесі бойынша – 475 адам, жұмыспен қамту мәселесі бойынша – 849 адам, білім беру мәселесі бойынша – 653 адам, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі бойынша – 749 адам, қысқамерзімді курстар мәселесі бойынша – 223 адам орталық қызметін пайдаланған, – дейді ол.
Айта кетейік, қала әкімі мен тиісті орган басшылары халықты қабылдау күндерін бұрын да бірнеше рет ұйымдастырған. Осы күнге дейін Алтай Көлгінов - 750-ден аса азаматты, оның орынбасарлары - 2,5 мыңға жуық тұрғынды, ал аудан әкімдері 8 мыңнан аса адамды қабылдаған.