Елордадағы «Столичный 2» тұрғын үй кешенінің проблемасы әлі біткен жоқ

25 Тамыз 2020, 17:20
2271
Бөлісу:
Елордадағы «Столичный 2» тұрғын үй кешенінің проблемасы әлі біткен жоқ
Фото: Артём Чурсинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құрылысы сегіз жылға созылып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің араласуымен салынып біткен «Столичный 2» кешеніне қатысты тағы бір мәселе туындады. Бүгін тұрғын үй кешенінің алдына жиналған бір топ үлескер «Феникс Столичный» тұрғын үй құрылыс кооперативі оларды үлескерлер реестрінен алып тастағаны туралы мәлімдеме жасады. 

Даудың басы 240 мың теңгенің жарнасы

Тұрғын үй кешені алдына жиналған олардың айтуынша, «Феникс Столичный» ТҮК басшысы Жанар Дүйсенова әр үлескерден 240 мың теңге көлемінде жарна талап етіп, кооператив құрамына қабылдамай жатыр. 

TEMA8407.jpg

Біз коопперативке төлем жасауға қарсы емеспіз. Алайда бұл сомма қандай мақсатқа жұмсалады, неге пәтердің аумағына қарай тағайындалмайды деген сұраққа жауап ала алмай отырмыз. Мысалы біреуде 40 шаршы метр, біреуде 100 шаршы метр. Жуықта бізді үлескерлер реестерінен алып тастағанын білдік. Сегіз жыл бұрын біз құрылысы бітпеген осы тұрғын үйден пәтер алу үшін қаржыны толықтай төлеген едік. Заңсыз үлескер емеспіз. Қолымызда бізді «Төленді» ТҮК заңсыз әрекетінің құрбаны етіп танып, «Феникс Столичный» коопертивіне мүше ретінде қабылдау туралы құқық қорғау органдарының хаттамасы бар. Мұнда ешқандай жарна туралы жазылмаған, - дейді үлескерлердің бірі Әсел Мүсірәлиева. 

Мұнда жиналған бір топ қауымның әрқайсысының өз шындығы бар. 240 мың теңге көлемінде кооперативке мүше ретінде жарна төлегендер мұның ешқандай да заңға қайшы әрекет емес екенін айтады.

Осыдан 5-6 жыл бұрын бұл үйдің құрылысы аяталмай қалады деген қауіп бар еді. Жанар Дүйсенова бар, бір топ үлескер құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүріп, үйді инвестор тарту арқылы өзіміздің аяқтауымызға рұқсат алды. «Феникс Столичный» тұрғын үй құрылысы кооперативі сол кезде құрылған еді. Әкімдіктің қолдауымен үй «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып бітті. Коопертив үй құжаттарын заңдастыруға қатысты шығынды көтерді, бағдарлама талаптарына қатысты барлық мәселелерге араласты, сұралған құжаттар жиналды. Бастапқыда менің де төлегім келмеген. Алайда прокурор шешімі бойынша, кооперативке мүшелікке үлескер ретінде ену үшін жарна жасалатынын айтып түсіндірді, - дейді өзін Биғайша Рақымбаева деп таныстырған үлескер.   
«Феникс Столичный» бұл жөнінде не дейді? 

Ал «Феникс Столичный» тұрғын үй құрылыс кооперативі басшысының пікірінше, шу көтеріп жүргендер бір емес, бірнеше пәтерге ие болғандар. Кооператив құрылым ретінде қызметін атқару үшін «Тұрғын қатынастары туралы» Заңның талаптарын орындауы тиіс. Соның бірі, арыз жазып, жарна төлеу арқылы үлескер ретінде кооперативке ену. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына екінші жылдың жүзі болған. Алайда бүгінде «Столичный 2 » тұрғын үй кешенінің бірінші нысаны салынып біткенде шу қайта шықты. 190 үлескердің біразы кооперативке төлем жасағылары жоқ. Олардың пікірінше, олар онсыз да пәтер иелері болып табылады. Осы күнге дейін кеткен шығындар мен үйді күтіп ұстауға қажет қаражат есебі негізінде әр пай иесіне бөлініп, осы сома шықты.

TEMA8314.jpg

Кооператив осы үйді салып біту мақсатында құрылғандықтан, оның үлескерлері мүшелікке енулері тиіс. Олар арыз жазбағандықтан мен оларды енгізе алмаймын. Тұрғын үй кооперативі қаржыландырусыз ары қарай әрекет ете алмайды. Сот шешімі бойынша үлескерлердің барлығы пәтермен қамтамасыз етулері тиіс. Оларды ешкім пәтерсіз қалдырғалы тұрған жоқ. Тек тұрғын үй кооперативіне мүшелікке өту талаптары орындалмағандықтан заңды әрекеттер атқарылды, Әділет департаментіндегі үлескерлер реестірінен алынды. Алайда бұл олар пәтерсіз қалады деген сөз емес. Оларға мұның барлығы бірнеше жиналыста айтылды, - дейді кооператив басшысы.   

Сондай-ақ, ол бұл заңды талап екенін атап өтті. Бүгінде 70-тен астам азамат заң талаптарын орындап, кілттерін алған.

Алайда бұл 130 адам қарсы екенін білдірмейді. Бұл карантиндік шаралармен байланысты. Адамдар біртіндеп келіп, үлескер ретінде өтінішін жазып, мүшелік төлемін жасап жатыр. Оларға бөліп төлеуге де мүмкіндік берілді. Ал қалғандары қарысылық танытып, осындай шу көтеруде. Қаржының не үшін, қандай мақсатта жұмсалатынын арыз жазып, үлескер ретінде мүшелікке өткен пәтер иелерінің барлығыны есеп берілді. Осы күнге дейін бірде бір төлем қолға алынған жоқ. Барлығы заңды түрде банк арқылы аударылып отырды. Қолымда барлық құжаттар бар. Бұл үйді күтіп ұстау үшін шығын да осы кооператив есебінен жүргізіледі, - дейді «Феникс Столичный» ТҮК төрағасы Жанар Дүйсенова.
TEMA8290.jpg  

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысының орынбасары Жанар Әбілқасымова еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңы бойынша тұрғын үй кооперативіне өту үшін бірнеше жарна жасалатынын растады. 

Бұл талаппен келіспейтін үлескерлер әрі қарай сотқа шағымданамыз деген ниетте. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 53-бабының Тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне мүше болу шарттарында «Тұрғын үй-құрылыс кооперативі әрбір мүшесінің дауыс саны шешімдерді қабылдаған кезде тұрғын үй-құрылыс кооперативіндегі оның пай санына пропорционалды болады. Тұрғын үй-құрылыс кооперативінің мүшесі иеленетін пай саны, сондай-ақ олардың мөлшері, егер тұрғын үй-құрылыс кооперативінің жарғысында өзгеше көзделмесе, шектелмейді» делінген. 

Сондай-ақ, «тұрғын үй-құрылыс кооперативіне қатысу шартына сәйкес пай жарналарын енгізуге міндетті» деген талаптары да бар.

Сегіз жылға созылған сергелдең 

TEMA8350.jpg

«Столичный 2» тұрғын үй кешені елордадағы проблемалық баспана қатарына жатып, «қара тізімге» де енгізілген. Аталмыш тұрғын үй кешенінің құрылысы 2012 жылы басталған болатын. «Төленді» тұрғын үй құрылыс кооперативі 200-ге жуық үлескерге пәтерлерінің кілтін 2014 жылы табыстауы тиіс еді.

Алайда сол жылдың күзінде құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Оған себеп «Төленді» ТҮК иесі Айдын Байжұмановтың құрылыс жүргізуге ешбір заңды құжатының болмауы. Біраз үлескердің пәтері екінші мәрте сатылып та кеткен. Инвестордың заңсыз әрекетіне және құрылыс жұмыстарының құжатсыз жүргізілгеніне қатысты үлескерлер құқық қорғау органдарына шағым жазып, Айдын Байжұмановтың үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бүгін мәмілеге келе алмай жаға жыртысқан үлескерлер сол кезде жұдырықтай жұмылып, инвестор тауып, үйде өз күштерімен аяқтауға бел буған еді. Осы мақсатпен «ФениксСтоличный» тұрғын үй құрылыс кооперативін құрып, 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық экономикалық сотының шешімімен «Төленді» ТҮК 818 млн теңге көлеміндегі қаржыны өндіру және жаңа кооперативке үй құрылысын аяқтауға рұқсат ету жөнінде шешім шығарады. Ал «Төленді» ТҮК иесі Айдын Байжұмановқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол бес жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айырылған болатын. 

TEMA8308.jpg

Тұрғын үй құрылысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып бітті. 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Столичный 2» тұрғын үй кешенінің бірінші кезегі осы жылдың күзінде аяқталады деп мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы