Елордада газ орнату құны арзандады

27 Қаңтар 2021, 10:35
1816
Бөлісу:
Елордада газ орнату құны арзандады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда үй ішіне тікелей газ орнату құны 30%-дан астам төмендеді. Елорда әкімдігі монтаждау жұмыстарының құрылысына маманданған жеке ұйымдармен бірнеше рет кездесу өткізді. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша, мысалы, «Әлия сервис» ЖШС үй ішінде газ өткізу құнын 240 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін төмендетті (37,5%-ға), «ҚазтрансГаз Аймақ» АҚ - 123 мың теңгеге жуық және басқа да бірқатар жеке ұйым үй ішіне газ өткізу құнын арзандатты. Бұл сомаға газ жабдығы мен жиынтықтауыштардың құны кірмейді.

Естеріңізге сала кетейік, Тұрғын үй алаптарында газ тарату желілерін, оның ішінде тұрғын үйлер бойындағы орамішілік желілерді салумен Нұр-Сұлтан әкімдігі айналысады, ал үй ішіне тікелей жеткізуіне жеке ұйымдар жауапты.

Тұрғындар кез келген мамандандырылған компанияны таңдауға құқылы. Жобаның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, әкімдік жеке ұйымдармен монтаждау жұмыстарының құнын төмендету бойынша келіссөздер жүргізуде. Есептегіштердің өздері азаматтарға тегін беріледі.

Қаланы газдандыру үш кезең бойынша жүргізіледі. Биылғы жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашықтың бір бөлігі газға көшіріледі. Сонымен қатар, Көктал-1, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Аталған тұрғын алаптарда газбен жабдықтаудың ішкі желілерін жүргізген тұрғындар газға қосылу үшін «ҚазтрансГаз Аймақ» АҚ-ға жүгіне алады (Республика даңғылы, 24, «Парасат» БО). Бұл ұйым газбен жабдықтаудың ішкі желілерінің қауіпсіздігімен және тікелей қосылуын тексерумен айналысады, сондай-ақ одан әрі пайдалануға жауап береді.

Елорданы газдандыру - Елбасының тарихи жобасы. Ол экологияны жақсартып қана қоймай, жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайын айтарлықтай жеңілдетеді.


Өзгелердің жаңалығы