Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары тәулік бойы күшейтілген режимде қаланың кәсіпкерлік нысандарында карантин талаптарының сақталуын тексеруде.
Күн сайын ондаған мекемеде шектеу шаралары бұзылғаны анықталады. Әдетте, олардың саны демалыс күндері тіптен артып кетеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Өткен тәулікте, 8 тамызда Нұр-Сұлтанда 11 кәсіпкерлік нысаны карантинді бұзды.
Алматы ауданында мониторингтік топтар "Киш Миш" кафесінде, "ЧБД" түнгі клубында, "Панаехали" және "Сова" барларында карантин режимінің сақталмағанын анықтады.
Қоғамдық тамақтану орындары үшін белгіленген жұмыс кестесі Есіл ауданында орналасқан "Lavash Food" және "Bobber Bri" жылдам тамақтану нысандарында, сондай-ақ "Pavilion" мейрамханасында сақталған жоқ. Сонымен қатар, қызметкерлер мен келушілер маска режимін сақтамағаны анықталды.
Сарыарқа ауданында карантин бұзушылар тізіміне "El plaza" мейрамханасы, "Карима" кафесі, "Kega mucic bar" бары енді.
Сондай-ақ, Байқоңыр ауданында орналасқан "Xalva" мейрамханасында шектеу шаралары сақталған жоқ.
Осылайша, 6-8 тамыз аралығында Нұр-Сұлтанда үш күн ішінде 45 мекеме карантиндік шектеулерді бұзды. Естеріңізге сала кетейік, демалыс күндері қоғамдық тамақтану нысандарына келушілерді қабылдауға тыйым салынады. Осыған қарамастан, кейбір кафелер мен мейрамханалар есіктерін жауып алып той өткізген.
Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті органға берілді.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз, тәулік сайын қалада КВИ жұқтырудың 1200 жағдайы анықталады, ауруханаларға коронавирустың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге дейін адам түседі. Осыған байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары санитарлық нормаларды және карантин режимінің талаптарын мүлтіксіз сақтауы, адам көп жиналатын орындардан аулақ болуы тиіс.