Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы сағатта ел астанасында жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуде, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Нұр-Сұлтандағы жағдай бақылауда. Тәулік бойы алты блокбекетте күдікті адамдарды және тыйым салынған заттарды анықтау үшін көлік құралдарының қозғалысы тексеріліп жатыр.
Төтенше жағдай режимі жарияланған сәттен бастап мемлекеттік орган белгілеген талаптарды орындамаудың 64 дерегі тіркелді. Кінәлілерге қатысты сот шешім қабылдайды.
Елорда аумағында криминогендік жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай кезінде қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында "Құқықтық тәртіп" жедел-алдын алу іс-шарасы өтуде.
Осыған байланысты аулаларды және пәтерлерді аралау жүргізілуде, елордаға заңсыз келген немесе тұрып жатқан шетел азаматтарын тексеру жүргізілуде.
Бір тәулікте қалада 13 қылмыс тіркелді. 62 жол-көлік оқиғасы болды, жарақат алғандар жоқ. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1 жүргізуші ұсталды.
"Құқықтық тәртіп" жедел алдын алу іс-шарасы аясында 311 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 111-і қалада тұру ережелерін бұзу, 37-сі қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және 47-сі көші-қон заңнамасын бұзу.
Полиция қызметкерлері Сембинов көшесінде орналасқан "Гастробар" әкімшілігінің коменданттық сағатты бұзу фактісін анықтады. Ойын-сауық мекемесінің иесіне қатысты төтенше жағдай және карантин режимін бұзғаны үшін бірден 2 әкімшілік іс қозғалып, жұмыс лицензиясын кері қайтару мәселесі қаралады.
Қалада тыныштық пен тәртіпті сақтап, белгіленген коменданттық сағат режимін бұзбаңыздар. Кез-келген құқыққа қарсы әрекеттер үшін қатаң жауапкершілік қарастырылған, - деді елорда коменданты Ержан Саденов.
Учаскелік полиция инспекторларымен жалға берілетін 239 пәтер, 597 барақ типті тұрғын үй және 76 хостел тексерілді. Елордада болу заңдылығын тексеру үшін полицияға 161 шетелдік азамат жеткізілді.
Бұл күндері көптеген тұрғындар түсіністік танытып қолдау көрсетуде. Азаматтар полицейлерге алғыс білдіріп, көшеде қызмет етіп жүрген тәртіп сақшыларына ыстық шәй мен тамақ әкелуде.