Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 64 адам мен бір бар төтенже жағдай режимін бұзғаны анықталды, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция департаментінің мәліметінше, елордада жағдай тұрақты, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр.
Елордадағы жағдай бақылауда. Тәулік бойы 6 блок-бекетте көліктердің жүргізушілері мен ондағы заттар тексеріліп жатыр.
ТЖ жарияланғалы бері ТЖ тәртіптерін орындамаудың 64 дерегі тіркелді. Кінәлі тұлғаларға қатысты заңды шешім қабылданады, - делінген хабарламада.
Қалада 1 тәулікте 13 қылмыс, 62 жол-көлік апаты тіркелген. Зардап шеккендер жоқ. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін бір адам ұсталды. 311 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 111 қозғалыс ережесін бұзған, 37 дерек қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін қолдану және 47 дерек халықтың көші-қоны саласында анықталған.
Сембинова көшесінде орналасқан «Гастробар» бары комендаттық сағатты бұзған. Оның иесіне бірден екі әкімшілік іс қозғалды, - делінген ПД мәліметінде.
Айта кетейік, осыған дейін ТЖ режимін бұзған 22 адам жауапкершілікке тартылған еді.