Астанада тез шахматтан "Fizmat Chess Open 2024" турнирі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарысқа Қазақстанның түрлі өңірлерінен 1-9 сыныптан 300 оқушы қатысты. Іс-шара Қазақстан шахмат федерациясы мен республикалық физика-математика мектебі ұйымдастыратын жыл сайынғы бұқаралық ашық турнирлердің бірі болып саналады.
Іс-шара екіге бөлініп, біріншісі Астанада, екіншісі Алматыда өтеді. Елордада 302 жас шахматшы ойнады. Көптеген сыйлықтан басқа бас жүлде – республикалық физика-математика мектебінде оқуға тегін грант ойнатылды. Алдияр Аңсат 11 партияда 11 жеңіске жетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Сүлейман Ахмет екінші, Әмір Төлегенов үшінші орынға ие болды. Қыздар арасында Диана Тыныштық үздік нәтиже көрсетті. Айару Алтынбек екінші, Нұрсұлу Оразалина үшінші орынға көтерілді.
Біз соңғы жылда оқушылар арасында шахматты кеңінен дамыту үшін бірнеше ірі жобаны қолға алдық. Оның бірқатары өз жемісін берді, бірқатары ұзақ мерзімді болашаққа есептелген. Дегенмен бұл жұмыста бізді көптеген мүдделестеріміздің, соның ішінде республикалық физика-математика мектебінің қолдауы қуантады. Тарихи тұрғыда РФММ тек орта білім беру ғана емес, сонымен қатар қазақстандық шахмат әлемінде де алдыңғы лекте келеді. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде шахматтың еліміздің әр мектебінде қолдау табатынына, ал бұл турнирдің жас қазақстандықтарға ерекше серпін беретініне біз сенеміз, - деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.
Айта кетейік, Қазақстан шахмат федерациясы елімізде шахматты дамыту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізіп келеді.
Қазіргі таңда елдің 983 мектебінде 2-сыныптан бастап шахматты оқытады, соның 110-ында – міндетті пән ретінде енгізілген. Сондай-ақ 2023 жылдан бастап 42 мектепте 1 сыныптап бастап "Шахмат мектепте" пилоттық жобасы енгізілді.