Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теплоходтармен суда серуендеу маусымын ашу 20 мамырға жоспарланып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды. Осы суда жүзу маусымына 6 жолаушы теплоходы мен 2 қосалқы қайық қатысады.
Суда серуендеудің бағдары өзгерген жоқ. Көліктер Сарыарқа көпірінен «Ақорда» резиденциясына дейін жүріп өтеді. Жол ұзындығы шамамен тоғыз шақырымды құрайды.
Осы жылы кемелердің қозғалысының кестесі де өзгермеді – сағат 12:00-ден 21:00-ге дейін. Су көлігі тек қолайсыз ауа-райы мен қатты жел кезінде жұмыс істемейді.
«Қазіргі кезде біз кемелер өз жолдарымен бөгетсіз жүру үшін өзен арнасын тазалау бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Сонымен қатар, техника дайындалып жатыр. Себебі навигация маусымының басталуына қажетті шарт ретінде техникалық сараптамадан өту және суда жүзуге рұқсат алу керек», - деді «ЖасНұр» МКҚК ӨШК директорының орынбасары Мұратбек Қадырбаев.