Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында шаңғы жарысынан қалалық ашық чемпионат өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Додаға Нұр-Сұлтан қаласынан бөлек, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстарынан шаңғы спортын жанына серік еткен спортшылар келді. Ашық біріншілік елорданың орталық саябағындағы шаңғыроллері тасжолында өтті. Екі күнге жалғасқан дәстүрлі спорт бәсекесінде бақ сынауға 200-ден аса қатысушы ниет білдірген. 8 санат бойынша 6 жастан, 60 жасқа дейінгі кәсіби спортшылар мен әуесқойлар бақ сынады. Шаңғышылар классикалық және еркін стильде өзара мықтыны анықтады.
Биылғы ашық біріншілікке қатусышылар саны көп. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданушы тұрғындар кәсіби спортшылардан қалыспай жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Мектеп жасындағы спортшылардың барын салып, мәреге талпынуы ерекше әсер сыйлайды. Нағыз дарынды спортшылар осындай бәсекеде бой көрсетіп, іріктеле бастайды. Чемпионаттың негізгі мақсаты осы, – деді дене шынықтыру және спорт басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Самат Жылқыбаев.