Елордада Республика күні қандай іс-шаралар өтеді

20 Қазан 2023, 22:27
856
Бөлісу:
Елордада Республика күні қандай іс-шаралар өтеді
Фото: BAQ.KZ

Астанада Республика күні қарсаңында 200-ден астам мерекелік іс-шара өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Биыл Республика күнін мерекелеу аясында елордада 200-ден астам мәдени-бұқаралық, спорттық және әлеуметтік іс-шаралар, оның ішінде мерекелік концерттер, автошерулер, көрмелер, балаларға арналған көрікті жерлерге экскурсиялар, дөңгелек үстелдер, ұлттық спорт түрлерінен турнирлер өткізу, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарына азық-түлік себетін тарату және басқа да көптеген іс-шаралар жоспарланып отыр, – деді Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов.

Іс-шаралар орталық алаңдарда да, ірі объектілерде де, тұрғын үй алаптарының аумағында да, білім беру ұйымдарында және т.б. орындарда өтеді. Республика күніне орай бірқатар ірі спорттық іс-шараларды өткізу жоспарланған, оның ішінде 21-22 қазанда конкурдан Қазақстан Республикасының чемпионаты, 23 қазаннан 6 қарашаға дейін жастар мен жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты бар. Көрермендер үшін спорт жарыстарына кіру тегін.

Мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева елордада жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.

23 қазан күні Астанадағы М.Горький атындағы орыс драма театры «Әлия» драмасымен театр маусымын ашады деп жоспарланып отыр.

24 қазан сағат 18:00-де Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

24 қазан «Наз» мемлекеттік би театрының «Республикам Қазақстан» атты мерекелік концерті өтеді. Басталуы 19:00-де.

Сонымен қатар, 24 қазан күні «Барыс Аренада» сағат 20.00-де қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген, бірдей үш әуеннің басын қосып, күйдің құдіретін әлемге сезіндірген «Ұлытау» тобының 25 жылдығына орай концерт өтеді.

Сонымен қатар, осы күндері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, Астана қаласының 5 ауданының шет аймақтарындағы тұрғын алаптарында мерекелік концерттер өткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы