Елордада қоғам мәселесін көтеретін қойылымның премьерасы болады

10 Маусым 2022, 22:15
1347
Бөлісу:
Елордада қоғам мәселесін көтеретін қойылымның премьерасы болады
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 11-12 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры авторы Эдуард Олбидің «Зоопарк» психологиялық абсурд жанрындағы өзінің кезекті жаңа қойылымның премьерасын көрермен назарына ұсынады.

Психологиялық абсурд жанрындағы шығармада жеке адамның мәселесі арқылы қоғам мәселесі көтеріледі. Спектакль Джерри мен Питердің диалогы барысында өсіп отырады. Джерри тастанды жігіт, ата-ананың аялы алақанын, жылулығын сезініп көрмеген көшенің жалаң аяғы. Ал Питер жұмысы, үйі, әйелі, екі баласы бар бақытты отағасы. Салыстырып қарасақ, екеуі екі әлемнің адамы. Бірақ екеуін ортақтастырып тұрған бір кесел бар, ол - жалғыздық. Бірінде бақытты болу үшін бәрі болса, екіншісінде осы өмірде тірі пендені бақытты етер дүниелердің бірі де жоқ.

Елордада қоғам мәселесін көтеретін қойылымның премьерасы болады

Қойылым қоғамдағы адамның өмірі зообақтағы аңның өміріндей шектеулі деген ойды жетелейді. Шешімі жоқ өмірмен одан әрмен күресер шамасы болмаған Джерри өзін ажалға қиса, Питер өзіне темір тордағы өміріне еш қарсылықсыз көндіккенін, тіпті сол өміріне риза екенін айтады.

Бостандықтағы аң еркінен айырылып, темір торға қамалып қиналады. Ал адам  болса, өзіндік ерекшелігін жоғалтып, өмір талабына бағына отырып, өзін-өзі ерікті түрде торға қамаған. Қойылым режиссері «Зоопарк» психологиялық абсурд арқылы үлкен қаладағы жалғыздықты, адам жанының жалғыздығын суреттейді.

Қойылым авторы Э.Олби, қазақшаға аударған Қ.Төлеуішов, қоюшы-режиссері және сценограф Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемиров, режиссердің ассистенті көптеген халықаралық фестивальдердің лауреаты Д.Базарқұлов, костюм суретшісі І.Каримова, дыбыс режиссері Ж.Әбдірахман, жарық суретшісі Айдын Досаев.

Өзгелердің жаңалығы