Астанада 16 мыңнан астам бала қызылшаға қарсы екпе алды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астанада 6 қарашадан бастап қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүргізілуде. 6 қараша күні 6 айдан бастап, 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерді жаппай қосымша вакцинациялау басталды. Оларға желтоқсан айынан бастап, 2-4 жас аралығындағы балалар қосылды. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханаларда тегін алуға болады. Астананың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова қаланың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вакцинация туралы айтып берді.
Елордада 6 желтоқсан күні барлығы 16 447 адам вакцинацияланды. Жаппай вакцинация қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті санитарлық дәрігер.
Біздің бүгінгі басты міндетіміз – қызылшадан болатын өлім мен асқынулардың алдын алу. Вакцинация инфекция ошақтарында да жүргізіледі, онда 1733 байланысқан адам екпе алды, сондай-ақ қызылшаға қарсы екпе алмаған 18 жасқа дейінгі адамдар анықталды, бүгінгі күні жыл басынан бері 14 374 адам анықталды, оның ішінде 12 746 (88%) екпе алды, - деп хабарлады Сархат Бейсенова.
Санитарлық дәрігер аурудың алғашқы белгілері байқалған бойда дереу дәрігерлердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді.
Оларға мыналар жатады: температураның 38-40°C дейін көтерілуі; бас ауруы, әлсіздік; тәбеттің төмендеуі; конъюнктивит, ринит, жарыққа қарай алмау; құрғақ, ауыр жөтел; дауыстың қарлығуы; қызылша энантемасы – таңдайдағы жұмсақ және қатты үлкен қызыл дақтар, аурудың шамамен 3-4 күнінен кейін денеге түсетін бөртпе.
Қызылшаға қарсы вакцинация – қызылшаинфекциясын, сондай-ақ оның асқынуын болдырмайтын жалғыз тиімді құрал. Осыған байланысты ата-аналарды өз балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, вакцинаны уақытында алуға, сондай-ақ қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау аясында баланы вакцинациялауға шақырамын, - деді елорданың санитарлық дәрігері.