Елордада қала күніне орай «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді

28 Маусым 2022, 00:09
1663
Бөлісу:
Елордада қала күніне орай «Қазақстан Барысы» турнирі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астана күніне орай «Барыс-Арена» мұз сарайында 3 шілде күні «Қазақстан Барысы» ХІ республикалық турнирі өтеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

Дәстүрлі турнир елімізде ұлттық спортты дамыту, мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, қала күні мен балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен айналысуға қызықтыру, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

Жарыс ережесіне сәйкес, сәуір-мамыр айларында ауылдық, аудандық, облыстық (қалалық) деңгейлерде, сондай-ақ әскери күш құрылымдары арасында іріктеу турнирі өтті, оған бүкіл ел бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Финалға 36 балуан жолдама алды. Олардың арасында Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаев сынды палуандар бар.

2021 жылғы жеңімпаз Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турнирге қатыспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Сондай-ақ «Қазақстан Барысы» атағының екі дүркін иегері атанған Айбек Нұғымаров спорттық мансабының аяқталғанын ресми түрде хабарлады.
Турнирді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» Қоры мен Qazaq kuresi қауымдастығы ұйымдастырды.

Қазақ күресі ережелеріне енгізілген өзгерістерге байланысты биыл турнир «бүк» ұпайсыз өтеді.

«Қазақстан Барысы» жүлде қоры дәстүрлі түрде төмендегідей бөлінеді:
Жеңімпаз 25 000 000 теңге, сондай-ақ алтын белбеу мен ауыспалы алтын «Тайтұяқ» алады;
екінші орын иегері – 5 500 000 теңге;
үшінші орын иегері – 1 800 000 теңге, сәйкесінше жүлдегерлер күміс және қола белбеулермен марапатталады.

Жанкүйер қауым турнирді Qazaqstan, Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.

Қатысушыларды салмағын өлшеу ресми рәсімі 1 шілде күні сағат 19.00-де «Хан Шатыр» СОО-да жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы